Павлодар облысының үш қаласында жылыту проблемасы бар үйлер тексерілмек

Павлодар облысының үш қаласында жылыту проблемасы бар үйлер тексерілмек

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ержан Салхановтың айтуынша, өткен жылу беру маусымы барысында облыс тұрғындары тарапынан көп қабатты үйлердің жылумен толықтай немесе ішінара қамтамасыз етілмеуіне қатысты 675 шағым түскен. Тек Павлодардың 523 үйінде жүргізілген комиссиялық сараптама нәтижесінде олардың 60%-нан астамында жылу жүйесіндегі қызудың жеткіліксіз деңгейі тіркелген.

 

Алдағы жылу беру маусымында жағдайды жақсарту мақсатында Павлодарда N31 және N42 жылу магистральдарын салу жобалары іске асырылып, N6 үдеткіш сорғы станциясы салынып жатыр.

 

- ЖМ-42 бойынша салуға жоспарланған 4 шақырым жылу желісінің 1,3 шақырымы салынып болды, - деді қала әкімі Ержан Иманслям. - Жалпы, біз барлық құрылыс жұмыстар бойынша белгіленген мерзімнен озып, құрылысты 1 қыркүйекке дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз.

 

Әбілқайыр Сқақов қыстыкүні шағым түскен үйлердің барлығын тексеру қажеттігін атап өтті. Ол тұрғындар көтерген проблемаларды жылу беру маусымы басталғанға дейін шешуді тапсырды.

 

- Жыл сайын қалаларымыздағы көпқабатты үйлердің дайындығы әлсіз болады, - деді облыс әкімі. - Бұл жұмысқа ПИК-тер, әкімдіктер және жылумен жабдықтаушы компаниялар – барлығы жұмылдырылуы тиіс. Менің ойымша, ПИК жұмыстарының тиімділігін бағалауды өткізу қажет – басты проблема сонда. Қалалар мен аудандардың әкімдері қазірден бастап тұрғын үй қорын дайындап, 1 тамызға дейін дайын болуы керек.

 

Сондай-ақ, Әбілқайыр Сқақов энергия өндіретін нысандардағы жөндеу жұмыстарын созбау тапсырды. Аймақ басшысы негізгі жабдықтардың жұмысына қатысты шарттық міндеттемелерді жылыту маусымы басталғанға дейін орындауды талап етті.

 

Басқосу барысында Ақсу қаласында жаңа қазандықты іске қосу мәселесі де талқыланды. Қала басшысы Жанат Шұғаевтың айтуынша, бүгінде мердігерлер орнатылған электр жабдықтарын, жылу мен сумен жабдықтау жүйелерін бабына келтіріп, нысанды белгіленген мерзімде іске қосуға ниетті. Облыс әкімі қазандықтың стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, оны жылу беру маусымы басталғанға дейін іске қосудың барлық тәуекелдерін ескеру қажеттігін айтты.

 

Сонымен қатар, Әбілқайыр Сқақов ауылды аймақтардың қысқы маусымға дайындықтарына қатысты бірқатар тапсырма берді. Ол тұрмыстық қажеттілік үшін алынатын көмір бағасының қалыптасу барысын былтырғыдай қадағалауды тапсырды. Тұрғындар қалтасын қағатын қаржылық ауыртпалықты болдырмау үшін көмірдің құны әр кезеңде: кен орындарында, тасымалдану және тұтынушыларға сатылу кезінде бақылануы тиіс.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Валерий Бугаевтың суреті