Павлодар облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин энергетика, машина жасау, металлургия өнеркәсібі және құрылыс материалдары өндірісі саласындағы инвестициялық жобалардың іске асырылу қарқынымен танысты.
Екібастұзда Үкімет Басшысына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021–2025 жылдарға арналған қаланы дамытудың кешенді жоспарын дайындау жөніндегі тапсырмаларын орындау барысы бойынша есеп берілді. Құжат ыңғайлы қалалық ортаны, экономиканың нақты секторын дамыту, жұмыспен қамту, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жақсарту, экологиялық проблемаларды шешу бойынша 118 шараны жүзеге асыруды көздейді.
2025 жылға қарай қала экономикасының отын-энергетикалық кешенге және тау-кен өнеркәсібіне тәуелділігін төмендетіп, өңдеу өнеркәсібінің үлесін 4 есеге – 5% -дан 20% -ға дейін арттыру арқылы азайту жоспарланған. Машина жасау, ақпараттық технологиялар, көмір химиясы және қызмет көрсету салаларында 16,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылмақ. Жоспарды іске асыруға бөлінетін қаражаттың 84% жеке инвестициялар құрайды. Стратегияны әзірлеу кезінде жергілікті тұрғындардың тілектері мен сарапшылардың пікірлері ескерілгеніне назар аударыңыз: 1 мыңнан астам қала тұрғындарымен сұхбат жүргізілді, 1,5 мыңға жуық ұсыныстар қабылданып, 130 сарапшымен сұхбат өткізілді.
Екібастұздағы ГРЭС-1-ге сапары кезінде Премьер-Министрге «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиев елдегі ең ірі жылу электр станциясын жаңарту барысы, Екібастұз ГРЭС-2 №3 жаңа энергоблогының құрылысы, сондай-ақ электр энергетикасындағы басқа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде есеп берді. ГРЭС-1-де № 1 энергоблогты қалпына келтіру және электрофильтрлерді орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаны іске асыру зауыттың қуат өндіру көлемін 4050 МВт-қа дейін жеткізіп, күл-қоқыстарды тазартудың заманауи технологияларын қолдану арқылы қоршаған ортаға әсерін азайтуға мүмкіндік береді. Станцияны пайдалануға беру мерзімін қысқартып, жобаны 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Жалпы алғанда, қысқа мерзім ішінде Қазақстанда өсіп келе жатқан экономика мен ірі өндірістік жобаларды іске асыру үшін қажетті қуаттылық шамамен 1200 МВт-қа жеткізілмек.
Үкімет басшысына Екібастұздың өндірістік аймағында іске асырылуы жоспарланған тау-кен, металлургия, көмір-химия және өңдеу өнеркәсібіндегі жалпы құны 227,5 миллиард теңгені құрайтын перспективалық инвестициялық жобалар ұсынылды. Атап айтқанда, «Ansa Silicon» компаниясы 2023 жылы 400-ге жуық жаңа жұмыс орнын құрумен қатар, әлемдік экологиялық талаптарға сай технологиялармен техникалық кремний өндіруді жоспарлап отыр.
Үкімет басшысы сонымен қатар теміржол доңғалақтарын («Проммашкомплект» ЖШС), темір жол осьтері мен дөңгелек жұптарын (RWS Wheelset), темірбетон шпалдары мен арқалықтарын (RWS Concrete), бекіткіш өнімдер – серпімді клеммалар, болттар мен бұрандаларды («FerroTransTrade») өндіретін кәсіпорындарда болды. Екібастұзда «Теміржол жүйелері» ЖШС-нің ашылуы жоспарланған ұсталық-құрсаулау кешені локомотивтерге арналған қаралтым құрсауларын, тісті дөңгелектерінің дайындамаларын және басқа да ұсталық бұйымдардың 102 мың данасын өңдеу арқасында теміржол техникасын дамытуға жаңа серпін беруі тиіс. Мұнда 600 жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Кәсіпорынның іске қосылуы Қазақстанның аталған өнімдерге ішкі қажеттіліктерін толығымен қанағаттандырады. Өнімнің 81% сыртқы нарыққа шығарылатын болады.
Павлодарда Премьер-Министр өндірістің дамуы және «Қазақстан алюминийі» АҚ экологиялық стратегиясын жүзеге асыру барысымен танысып, әр түрлі мақсаттағы арнайы техника шығаратын «ТемірМаш» зауытына, сондай-ақ, құрылыс материалдарын шығаратын ZENITH зауытына барып қайтты.
Биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша Павлодар облысында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,2% – 573,7 млрд теңгеге дейін өсті, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 5,9%.
Жұмыс сапарына ұлттық экономика министрі Әсет Ирғалиев, өнеркәсіп және инфрақұрылымды дамыту министрі Бейбіт Атамқұлов, энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиев қатысты.
ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі