
Павлодар облысының әкімдігінде «Business Ertis» кәсіпкерлікті қолдау жобасын іске асырудың алғашқы нәтижелері шығарылды. Бағдарлама іске асырыла бастаған үш ай ішінде ғана облыста жұмыс істеп жатқан шағын және орта бизнес субъектілерінің саны мыңнан астам өкілге артты.
Павлодар облысы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Тұрсынғалиевтің айтуынша, 2021 жылдың алғашқы тоқсанында бағдарлама жоспарының 40% -дан астамы орындалды. Мысалы, Инвесторлар үйінде «Business Birge» бағыты бойынша жұмыс істей бастаған адвокаттық кабинетте кәсіпкерлер ақысыз негізде консультациялық қызмет ала алады. «Business Social» бағыты аясында Павлодар облысының фармацевтер қауымдастығымен бекітілген меморандум арқасында жұмыс істеп тұрған дәріханалардың 50%-ында зейнеткерлер мен мүгедектер дәрі-дәрмектер жеңілдікпен сатылады.
- «Business Invest» бағыты бойынша инвестициялық штаб құру бойынша негізгі жұмыстар жүргізілді, - деді Айбек Тұрсынғалиев. - Біз бастапқы деректерді қалыптастыруға мүмкіндік алдық, олармен болашақта инвестицияларды тарту кезінде жұмыс істейтін боламыз. Аймақтың инвестициялық портфелінің көлемі – 1,9 трлн теңгені құрайтын 116 жоба.
Басқармадағылардың мәліметінше, «Business Ertis» жобасын енгізу аймақ кәсіпкерлерін мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуға түрткі болған. Мәселен, алғашқы үш айда «Бизнестің жол картасы-2025» шеңберінде 585 жоба қолдау тауып, былтырғы 3 айлық көрсеткіштерден 5 есеге өскен.
- Мысал үшін, 2020 жылдың басында жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілер санын 2019 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда, 614 бірлікке азайғаны байқалады. 2021 жылдың үш айдың қорытындысы бойынша біз 2020 жылдың басымен салыстырғанда 1038 жаңа кәсіпкерлік субъектілері түрінде өсім алдық. Өнеркәсіптік өнім шығару көрсеткіші 70,5 миллиард теңгеге, ал инвестиция көлемі 12,3 миллиард теңгеге өсті, - деді Айбек Тұрсынғалиев.
Жаңа жобалардың басым көпшілігі қалаларда іске асырылады. Сондықтан кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы бағдарламаның жаңа «Business Ertis Ауыл» бағытын ашуды ұсынды. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов ауыл тұрғындарын бағдарламаға белсене тартуға шақырды.
- Балалардың бұқаралық спорт пен шығармашылығын дамытуға жан басына қаржыландыру ережелеріне қол қойылды, - деді облыс әкімі. - Мұндай жобалар «Business Ertis» бағдарламасының тізіміне енуі тиіс. Қалалар мен аудандардың әкімдіктері мемлекеттік тапсырыстарды орналастырып, қолайлы ғимарат тапқан кәсіпкерлер балалар секцияларын немесе үйірмелерін аша алады. Өңірімізде бұқаралық спортпен шұғылданушылар қатарын көбейту үшін біз бұл маңызды жұмысты мүмкіндігінше ертерек бастауымыз керек. Қосымша білім беру бағытында да, әсіресе аудандарда, дәл осындай жобаларды жүргізуге болады.
Басқосу барысында коронавирустық инфекциямен күрес мәселелері де талқыланды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов COVID-19-ға қарсы вакцинациясының жүргізілу қарқыны жөнінде баяндап берді. Оның айтуынша, «Спутник V» препаратының 1-ші компонентін 26 мыңнан астам аймақ тұрғындары қабылдаса, 2-ші компонентін 7,5 мың адам еккен. 200-ден астам адамға қазақстандық QazVaq вакцинасы егілді. Аймақта стационарлық орындардан бөлек жылжымалы вакцинация орталықтары да жұмыс істей бастады. Мысалы, Павлодар қаласының вокзал алаңында жылжымалы медициналық кешен негізінде жарты тәуліктің ішінде 100-ге жуық адамға екпе жасалды. 27–30 сәуір аралығында вакцинация орталықтары облыс орталығының «Манақбай», «Артур», «Квазар» және «BatyrMall» сауда үйлерінде де жұмыс істейтін болады.
- Барлық вакцинация пункттерінің тізімі, олардың орналасқан жерлері көрсетіле отырып, тұрғындардың назарына жеткізілуі керек, - деп тапсырма берді аймақ басшысы. - Олар коронавирустық вакцинаны қай жерден алатынын білуі керек. Облыстың шалғай елді мекендері де назардан тыс қалмауы тиіс.
Сондай-ақ, жиын барысында биыл өткізілетін ұлттық халық санағына дайындық барысы қарастырылды. Облыстық статистика департаментінің бастығы Жақан Жәкеновтің айтуынша, дайындық кезеңінде, яғни 1 маусым мен 30 маусым аралығында, тұрғын және тұрғын үйге жатпайтын ғимараттардың мекенжайлары және ол жерлерде тұратындардың саны нақтыланатын болады. Халық санағының негізгі кезеңі 1–30 қазан аралығында өткізіледі. Бұл жұмысқа 1000-нан астам адам тартылмақ.
- Алдағы халық санағының негізгі жаңашылдықтары арасында онлайн-сауалнама ұйымдастыру және халық арасында планшеттердің көмегімен сұрастыру жүргізу болмақ, - деді Жақан Жакенов. - 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін онлайн-сауалнама жүргізілмек, респонденттер www.sanaq.gov.kz сайтында өздері және отбасы мүшелері үшін санақ парақтарын өз бетінше толтыра алады.
Әбілқайыр Сқақов әкімдерге жер-жердегі барлық ұйымдастырушылық мәселелерді бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар, тұрғындар арасында сауалнама жүргізетін адамдар тізімін белгілеп, олардың COVID-19-ға қарсы вакцина алу мүмкіндігін қамтамасыз ету керек.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Валерий Бугаевтың суреті