Павлодар облысының экономикасына салынған инвестиция көлемі 2021 жылдың I тоқсанында 20%-ға өсті

Павлодар облысының экономикасына салынған инвестиция көлемі 2021 жылдың I тоқсанында 20%-ға өсті

Өңір басшысы Әбілқайыр Сқақовқа негізгі макроэкономикалық индикаторлар туралы баяндалды.
 
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук айтуынша, алғашқы үш айдың қорытындысы бойынша Павлодар облысында базалық экономикалық көрсеткіштердің жақсарғаны байқалады. Мысалы, өңдеуші сектор мен электрмен жабдықтау саласындағы өндіріс 3,7%-ға өскен.
 
- Аграрлық секторда жалпы өнімнің өсу қарқыны 103,2%-ды құрады, - деп атап өтті Ирина Назарчук. - Құрылыс секторында 14,7 миллиард теңгеге жұмыстар атқарылды. Күрделі және ағымдағы жөндеу көлемінің ұлғаюы байқалады. Солай бола тұра тұрғын үй құрылысында күтілген нәтижеге қол жеткен жоқ: жоспар бойынша 48 мың шаршы метр болса, іс жүзінде 38,6 мың шаршы метр пайдалануға берілді.
 
Жыл басынан бері өңір экономикасына 66,6 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл 2020 жылдың I тоқсанына қарағанда 2020% -ға көп. Ал, сауда саласы мен көлік және қоймалау секторында - кері динамика. Егер бірінші жағдайда азық-түлік емес тауарларының саудасы төмендеуі әсер етсе, екінші жағдайда  жолаушылар ағынының төмендеуі ықпал етті.
 
Облыс экономикасы көбінесе өнеркәсіп кәсіпорындарының тұрақты жұмысына байланысты болғандықтан, құзыретті басқармаларға өнеркәсіп секторы үшін дағдарысқа қарсы жоспар әзірлеу тапсырылды.
 
- Бұл құжатта өнеркәсіптік өндіріс көлемінің төмендеу мүмкіндігін ескеріп, оның себептерін зерделеп, біздің кәсіпорындарды қолдауға қатысты шараларды енгізу қажет, - деп атап өтті өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов.
 
Тұрғын үй құрылысы саласында да жұмысты күшейту қажет. Ол алдағы үш ай ішінде облыста көп пәтерлі тұрғын үйлерді салу қарқынын арттыруды тапсырды. Инвестиция тартуға қатысты әкім әрбір қала мен ауданда осы жұмысты жандандыруды және инвестициялық штабтың жұмысын қайта жаңғырту керектігін айтты. Сондай-ақ Әбілқайыр Сқақов базалық экономикалық индикаторлардың динамикасын оңалту жергілікті жерлердегі басшылардың жеке жауапкершілігінде екенін еске салды.
 
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото Валерий Бугаевтікі