
Жалғызбасты 500 мүгедекке беріленетін ай сайынғы төлем мөлшері үш есеге ұлғайтылып, 1235 аз қамтылған отбасына ай сайынғы өтемақы енгізілді. Әлеуметтік осал топтарды қолдаудың осы және басқа да шаралары облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте талқыланды.
⠀
Үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, бүгінгі күні Павлодар облысында әлеуметтік осал санатына 80 мыңнан астам адам жатқызылады. Биылдан бастап өңірде әлеуметтік көмектің жаңа түрлері енгізіліп, қолданыстағы кейбір төлемдердің мөлшері ұлғайтылып отыр. Мысалы, жалғызбасты және жалғыз тұратын I, II және III топтағы мүгедектердің әлеуметтік төлем мөлшері ұлғайды; атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, бірақ табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен аз қамтылған отбасыларға өтемақы енгізілді. Сонымен қатар, тұңғыш балалары туғанда мұндай отбасыларға 20 АЕК мөлшеріндегі біржолғы төлем тағайындалады. Сондай-ақ, табысы күнкөріс деңгейінен төмен жүкті әйелдер жүктілік есебіне 12 аптаға дейінгі мерзімде тіркелген жағдайда белгіленген бірыңғай төлем мөлшері – 20 АЕК.
⠀
- Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынымдарына сәйкес, ел бойынша атаулы және мереке күндерінде берілетін барлық әлеуметтік төлемдер бірыңғай мөлшерде белгіленді, - деп атап өтті А. Дисюпова, - Ауғанстандағы соғыс пен Чернобыль АЭС апатының зардаптарын жоюға қатысушыларға бөлінетін біржолғы төлемнің мөлшері біздің өңірде 50 мыңнан 75 мың теңгеге дейін ұлғайтылды.
⠀
Павлодар облысында ерекше қажеттілігі бар адамдарды әлеуметтік оңалтуға 1,9 млрд теңге бөлінді. Ата-анаға немесе қамқоршыға берілетін жолдама құнының 50% өтеу үшін қаржыландыру мәселесі шешіліп жатыр. Павлодар облысының көптеген қалалары мен аудандарында осы мақсатқа 40 АЕК беруге дайын. Ақтоғай, Баянауыл, Железин, Ертіс және Май аудандарының әкімдіктері бұл мәселені жыл ортасына дейін аяқтауы тиіс.
Ерекше қажеттілігі бар адамдарды алаңдатып отырған тағы бір мәселе – көпфункционалды оңалту орталығына зәрулік. Павлодарда осындай кешенді салуға қолайлы жер учаскесі белгіленіп, оның рәсімделуі алдағы екі аптада аяқталмақ.
⠀
- Бұл біздің аймақ үшін өте қажетті жоба, - деді Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, - Жаңа орталық жұмысының негізгі бағыттары медициналық көмек, ерекше қажеттілігі бар адамдарды оңалту және сауықтыру болмақ. Кешен жұмысының сапалық деңгейі өсе түсуі тиіс. Оның үздіксіз жұмыс істеуіне жауапты адамдарды күнібұрын анықтап алуымыз керек.
⠀
Кездесу соңында аймақ басшысы өмірлік қиын жағдайға тап болған жандардың мұқтаждықтарына барынша сергек қарау қажеттігін еске салды. Әкімнің айтуынша, оның атына тек өткен екі айдың өзінде әлеуметтік қолдау алу мәселелеріне байланысты 100-ге жуық өтініш келіп түскен. Шағымданғандар негізінен мемлекеттік қызметкерлердің өз міндеттерін формалды атқаруы мен олардың қағазбастылыққа салынатындарына наразылықтарын жеткізеді. Сонымен қатар, Әбілқайыр Сқақов 15 сәуірге дейін барлық нысандарды ерекше қажеттілігі бар адамдарға ыңғайландырып жабдықталу тұрғысынан тексеруді аяқтауды тапсырды.
⠀
Әлеуметтік көмек мөлшерін ұлғайту және жаңа төлемдердің енгізілу мәселелері бойынша келесі нөмірлерге қоңырау шалып хабарласуға болады:
⠀
- Павлодар қ.: 8 (7182) 32 00 96;
- Екібастұз қ.: 8 (7187) 34 72 82;
- Ақсу қ.: 8 (71837) 5 01 05;
- Ақтоғай ауданы: 8 (71841) 2 11 73;
- Баянауыл ауданы: 8 (71840) 9 14 81;
- Железин ауданы: 8 (71831) 2 21 46;
- Ертіс ауданы: 8 (71832) 2 14 74;
- Тереңкөл ауданы: 8 (71833) 2 14 74;
- Аққулы ауданы: 8 (71839) 7 91 71;
- Май ауданы: 8 (71838) 9 10 02;
- Павлодар ауданы: 8 (7182) 65 34 45;
- Успен ауданы: 8 (7182) 65 34 45;
- Шарбақты ауданы: 8 (71836) 2 13 54.
⠀
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Валерий Бугаев