
Облыс әкімдігінде өткен төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырысына ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің бірінші вице-министрі Ибрагим Құлшымбаев қатысты.
Кездесу басында И.Құлшымбаев Павлодар облысында «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларының басталғанын атап өтті. Биыл бұл шара барысында адамдарды шоғырландырмай өткізіліп, мамандар құрамын сапқа тұрғызудан және техниканы жинаудан бас тартылып отыр.
- Бұл жаттығулардың басты мақсаты – су басуға ұшыраған учаскелерде тасқын салдарын барынша азайтуға дайындалу, - деп мәлімдеді Ибрагим Құлшымбаев. - Жалпы, өңірде су тасқыны кезеңіне дайындықтың бар екені көрініп тұр. Алайда, жергілікті атқарушы органдар мен облыстық ТЖ департаментіне халық арасында көктемгі су тасқыны кезеңіндегі тәртіп туралы ақпараттандыру-профилактикалық жұмыстарын өткізуді жандандыру қажет. Сонымен қатар, жол қызметтері трассалардағы жағдайды мұқият қадағалап, коммуналдық қызметтер елді мекендерден қар шығару жұмыстарын күшейтулері қажет.
Өңірлік ТЖ департаментінің мәліметінше, Павлодар облысының қалалары мен ауылдарынан 630 мың тоннадан астам қар массасы шығарылған. Республикалық оқу-жаттығулар аясында Кенжекөл ауылының көшелері қардан тазартылмақ. Басқа қалалар мен аудандарда құтқарушылар 200-ден астам үй маңын қардан тазартуға көмектеседі. Сонымен қатар, олар су өткізу құбырларын дайындауға және қорғаныс бөгеттерін күшейтуге жұмылдырылады.
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов су басу қаупіне бейқам қарағаннан гөрі, ықтималдығы жоғары тәуекелдерді жете ескерген дұрыс екенін атап өтті. Ол су тасқыны кезеңінде барлық жедел және коммуналдық қызметтердің, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар нысандардың тәулік бойы жұмыс істеуін талап етті.
- Қыс әлі біткен жоқ және жақын арадағы болжамдар анық емес, - деп атап өтті аймақ басшысы. – Жағдайға атүсті қарамай, қандай да бір елді мекендеріміздің қалған аумақтардан оқшауланып қалуын болдырмау үшін қолымыздағы бар ресурстарымызды жұмылдыруымыз қажет. Біз көз бояушылықпен айналыспай, су тасқыны жағдайына іс жүзінде дайын болуымыз керек.
Павлодар облысында "Көктем" республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы 4 және 5 наурыз күндері өтеді. Оған 1,5 мыңға жуық адам және 600-ден астам техника тартылмақ.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суретті түсірген Валерий Бугаев