Екібастұздың даму стратегиясын жарты жыл ішінде ұсыну жоспарланып отыр

Екібастұздың даму стратегиясын жарты жыл ішінде ұсыну жоспарланып отыр

Павлодар облысында Екібастұзды дамытудың орта мерзімді жоспары әзірленіп жатыр. Аталмыш жоспарды дайындауды ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған болатын. Облыс әкімдігінде онлайн форматта өткен жұмыс кеңесіне орталық мемлекеттік органдардың өкілдері де қатысты.

Өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов қаланы дамытудың барлық бағыттарының әлеуетін зерттеу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, урбанистика мен Екібастұзда жұмыс, оқу, тіпті бос уақытты өткізу үшін тартымды орталықтар ашу маңызды екеніне тоқталды.

- Бір кездері Екібастұз Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен жастар келетін болашағы зор қала болған еді. Ол кезде қала өзін-өзі қамтамасыз ететін, ал бүгінгі күні, мысалы ол өзін ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ете алмай отыр. Басқа да бірқатар проблемалық мәселелер бар. Екібастұздың өзін-өзі қамтамасыз етуін дамытудың әртүрлі тәсілдері бар, олардың әрқайсысын зерттеу қажет, - деп атап өтті әкім.

Индустриялық аймақ құру, кластерлік даму, энергетикалық жаңғырту, білім беру жүйесі, инновациялар мен шағын және орта бизнес Екібастұз экономикасын әртараптандырудың драйверлеріне айналуы тиіс. Мақсатқа жету үшін университет, мемлекет пен бизнестің өзара әрекеттесуіне негізделген «үш спираль» шведтік моделін қолдану ұсынылды. Кеңеске қатысқан Торайғыров университетінің ректоры Мейрам Бегентаев өзі басқаратын ЖОО-lf стратегияны әзірлеуге де, іске асыруға да, жәрдемдесуге қажетті барлық ресурстар бар екенін айтты.

Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров демографиялық мәселені Екібастұздың одан әрі дамуындағы басты проблемалардың бірі деп атады.

- Екібастұзды дамытудың кешенді жоспарының негізіне халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, тұрғындар табысының өсуі, атап айтқанда, жаңа өндірістер құру, жаңа инвесторлар тарту, қала экономикасын әртараптандыру және т.б. негізгі істер алынуы тиіс. Сонда ғана адамдар Екібастұздың дамитынына сеніп, болашағын онымен байланыстыратын болады, - деді министрдің орынбасары.

Тұжырымдаманы әзірлеуге беделді консалтингтік агенттіктерді тарту ұсынылып отыр. KPMG фирмаларының халықаралық желісінің өкілдері өз идеяларымен бөлісті. Қазақстан және Орталық Азиядағы KPMG басшысы Болат Мыңбаев Екібастұздың даму жоспарын құру кезінде қала құраушы кәсіпорындардың даму стратегиясын ескеру қажет екенін атап өтті.

- Олардың жоспарлары қаланың дамуына тікелей әсер ететін болады. ШОБ-қа да баса назар аударылуы тиіс. Егер басқа қалалардың даму стратегиясына қарайтын болсақ, олар шағын және орта бизнес арқылы жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған. Сонда адамдардың белгілі бір өңірде қалуға ынтасы көбірек болады. Екібастұзда ірі компаниялардың айналасында микробизнесті дамытудың айтарлықтай әлеует бар, - деді Болат Мыңбаев.

Екібастұзды дамытудың орта мерзімді стратегиясы алдағы алты айдың ішінде ұсынылуы тиіс.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суретті түсірген Валерий Бугаев