Ақсуда 144 отбасы қоныс тойын тойлап жатыр

Ақсуда 144 отбасы қоныс тойын тойлап жатыр

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған жаңа үйдегі пәтерлер мемлекеттік тұрғын үй қорынан алуға тиісті адамдар арасында бөлінді.

Ақсу қаласының 4 шағын ауданында 9 қабатты үй салынды. Жаңа үйден пәтер алғандардың бірі 28 жастағы Илья Перфильев болды. Ер адам бес жыл бойы «жетім» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған. Осы уақыт ішінде ол пәтер жалдауға мәжбүр болды.

- Мен Павлодарда жол компаниясында жұмыс істеймін, сондықтан облыс орталығында тұрғын үй жалдауға тура келеді. Әрине, өз баспанаң үшін айына 40-50 мың теңгеден беру оңай емес. Мен өз пәтеріме қол жеткізгеніме өте қуаныштымын. Қазір бастысы - оны жабдықтау, содан соң тұра беруге болады. Көлік сатып алып, жұмысқа Ақсу қаласынан қатынайтын шығармын, - дейді жаңадан қоныстанушы.

Илья Перфильевтің көршісі Мария Файзуллина болды, ол мүгедек жұбайымен бірге 13 жыл тұрғын үй кезегін күткен екен.

- Осы уақыт бойы қиын болды: балалармен бірге тұрдық, бір кездері ауылға көштік. Ал бүгін менің қуанышымда шек жоқ. Бәрінен бұрын балаларым мен немерелерім қонаққа келе алатынына қуаныштымын. Отбасылық мерекемізге атсалысқандардың барлығына рахмет,-дейді келіншек.

Жаңа үйдегі 144 пәтердің барлығына жетімдер, зейнеткерлер, I және II топтағы мүгедектер, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар және мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға тиісті басқа да санаттарының өкілдері ие болды. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов қоныс иелеріне пәтер кілтін табыстап, оларға бақыт пен амандық тіледі.

- Кез келген адам үшін өз шаңырағының болуы өте маңызды. Бүгін оған қол жеткізіп, болашаққа сеніммен қарай аласыздар. Жаңа пәтерлерде тек күлкі, қуаныш пен амандық болсын!   - деді өңір басшысы.

2021 жылдың соңына дейін Ақсу қаласында 290 пәтерлік тағы төрт тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Олар пайдалануға берілгеннен кейін қаладағы тұрғын үй кезегі 17%-ға қысқарады. Бүгінде бұл кезекте 2,3 мыңнан астам адам тұр.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суретті түсірген Валерий Бугаев