
Елшімен кездесу барысында Болат Бақауов Францияның Павлодар облысының маңызды сыртқы экономикалық серіктесі екендігін ерекше айтып өтті. Оның дәлелі ретінде мына сандарды келтіруге болады: 2017 жылы аймағымыз бен Франция арасындағы тауар айналымы үш есе ұлғайып, 13 миллион АҚШ долларын құрады.
– Франциялық компаниялардың қолдауымен облыс аумағында «Food Master» фирмасымен сүт өндірісі бойынша жоба жүзеге асырылды, – деді аймақ басшысы. – Біздің өңірімізде «SIM Format» атты қазақстандық-франциялық кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл кәсіпорын Мемлекеттердің теміржол транспорты бойынша халықаралық кеңесінің ішкі нарық пен ТМД елдеріне өнімдерді жеткізу құқығын алды. Алдағы уақытта француз тарапының қатысуымен Павлодар мұнай-химиялық зауытында сутегін ұқсатуға арналған қондырғыны орнату жоспарланып отыр.

Келген қонақ өз кезегінде Францияның Павлодар облысын әр саладағы серіктесі, әсіресе өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік кешендер салаларындағы серіктесі ретінде қарастыратынын айтты.
– Біз облыс мекемелерінің өкілдерімен кездесуге әрқашан да дайынбыз,- деді ол. – Егер қандай да бір инвестициялық жобаларыңыз болса, біз оларды қарастыруға дайынбыз. Керек болған жағдайда біз сіздерге Франциядан іскерлік серіктес тауып бере аламыз.

Елшімен бірге облыс әкімдігіндегі кездесуге бірлескен жобалар мен инвестиция мүмкіндігін қарастыруға әзір Франция бизнесмендері де қатысты.