
Жоба өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алуға және мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыруға арналған.
⠀
Бүгінгі таңда «Халықтық бақылау» Павлодар облысының 10 кәсіпорнында іске асырылып жатыр. Осы жоба арқылы мүмкіндігі шектеулі адамдар жұмысқа орналасқан. Олардың негізгі міндеті – өндірістік алаңдарда қауіпсіздік техникасының сақталуын бақылау. Мысалы, жобаға «KSP Steel» ЖШС қатысады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттанудың екі жағдайы тіркелген, ал бұрын бұл көрсеткіш 8-9 факт деңгейінде болған еді. «Халықтық бақылауды» енгізуге Павлодардың «Горкомхоз-Павлодар» ЖШС және «МК Евразия-Агро» ЖШС сынды шағын кәсіпорындарында да кірісті.
⠀
Павлодар трамвай басқармасында да өндірістегі бақылауды күшейту туралы шешім қабылданды. Тексерушілер жағдайды трамвай депосының аумағында орналасқан 15 бейнекамера және қала бойынша жүретін вагондарда орнатылған 35 камера арқылы бақылайтын болады.
⠀
- «Халықтық бақылау» операторларының әрқайсысы алаңдарды нақты уақыт режимінде бақылайды және анықталған тәртіп бұзушылықтарды тіркейді, содан кейін оларды тиісті қызметтерге жеткізеді. Барлық бақылаушылардың толық әлеуметтік пакеті бар және олар ауысымдық кесте бойынша жұмыс істейтін болады. Болашақта трамвай басқармасының басшылығы бақылаушылардың жұмыс орындарын олардың тұрғылықты жері бойынша ұйымдастыруды жоспарлап отыр, - деді өңірлік еңбек басқармасының басшысы Асқар Қапанов.
⠀
«Халықтық бақылау» жобасынан басқа, Павлодар облысында 2023 жылға дейін есептелген «Өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі жол картасы» енгізіліп жатыр. Оның міндеттерінің бірі –халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының «Vizion Zero» бағдарламасын іске асыруға кәсіпорындарды тартуға қатысты ақпараттық науқан өткізу. Бұл жоба алғаш рет Еуропа елдерінде іске асырылды және жол-көлік оқиғаларының санын азайту бөлігінде оң нәтижелер көрсетті.
⠀
Естеріңізге сала кетейік, «Халықтық бақылау» жобасы 2019 жылы Мемлекет басшысының Ақтөбе облысындағы «Қазхром «ТҰК» АҚ ферроқорытпа зауытын аралауы кезінде таныстырылған болатын. Сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев осы жобаны жаппай енгізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
⠀
Павлодар облысының еңбек басқармасы
⠀
Суретті түсірген Валерий Бугаев