
Шұғыл жәрдем көрсету бөлімшесі Павлодар қалалық №1 ауруханасының жаңа корпусында, ал инсульт орталығы облыстық кардиологиялық орталықта орналасқан. Екі жоба да «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында іске асырылды. Медициналық мекемелердің жаңа бөлімшелерін өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов қарап шықты.
Қалалық аурухананың жаңа корпусы шұғыл және жоспарлы науқастарды қабылдауға, сондай-ақ ауруханаға дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсетуге дайындалып жатыр.
- Бұл бөлімшенің негізгі міндеті – пациенттерді қабылдау, диагностика жасау және шұғыл көмек көрсету. Өткен жылы шұғыл көрсеткіштер бойынша біздің ауруханаға 62 мың адам түсті, оның 16,5 мыңы ауруханаға жатқызылды, ал қалғандары амбулаториялық емделуге жіберілді. Пациенттердің үлкен легі дұрыс сұрыптауды қажет етеді. Бүкіл әлемде қолданылатын триаж-сұрыптауға сәйкес пациенттер «қызыл», «сары» және «жасыл» санатқа бөлінеді. Пациенттің қай топқа жататындығы бірнеше минуттың ішінде анықталып, тиісті бағыт бойынша емдеуге жіберіледі, - деді аурухана басшысы Нұрлан Жұмажанов.
Бөлімшедегі операциялық бөлмелер эндоскопиялық бейнетүсірілім және мобильді диагностикалық құралдармен жабдықталған. Мұнда реанимациялық зал, барлық операциялық блок, таза бөлмелер кешені де бар. Реаниматологтың жұмыс станциясы онлайн режимде бірден 16 пациенттің өмірлік маңызды көрсеткіштерін көрсетіп, олардың хәлін қадағалауға мүмкіндік береді. Қарқынды терапия палатасы заманауи өкпені жасанды желдету аппараттары, дефибрилляторлар, мониторлар және жылжымалы бақылау аппараттарымен жабдықталған. Тағы бір жаңа жабдық – қуаттылығы сағатына 60 тест болатын иммуногематологиялық анализатор.
- Шұғыл көмек көрсетуді қажет етпейтін «жасыл» топтағы пациенттер үшін жеке кіру есігі қарастырылған. Біздің қызметкерлер жаңа жабдықтармен жұмыс істеуге толық дайын және базалық реанимация, кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясы, жарақат кезінде ауруханаға дейінгі кезеңде медициналық көмек көрсету курстарынан өтті, - деді Нұрлан Жұмажанов.
Павлодар облысының әкімі науқастарды қабылдау және оларға көмек көрсету мерзімдерін қатаң реттеу қажеттігін атап өтті.
- Осы регламенттердің орындалуына үнемі мониторинг жүргізу қажет, сонда ғана біз медициналық инфрақұрылымға салынған инвестициялардан нәтиже аламыз. Ең бастысы, ауруханаға түскен науқас барлық қажетті медициналық көмекті осында алуы тиіс, – деді Әбілқайыр Сқақов.
Облыстық кардиологиялық орталық жанындағы инсульт орталығы рентгенэндоваскулярлық хирургия зертханасын және стерилдеу бөлімшесін қайта жоспарлау нәтижесінде құрылды. Мұнда шұғыл науқастарға арналған палаталары және операциядан кейінгі және ауыр науқастарға арналған қарқынды терапия палаталары бар қабылдау бөлімі, сондай-ақ компьютерлік томография кабинеті және рентген-операциялық бөлме қарастырылған. Олардың барлығы пациенттерге жедел және бір жерде көмек көрсетуге мүмкіндік беретін заманауи жабдықтармен жарақталған.
- Бұл орталыққа деген қажеттілік жыл сайын өңірде инсультті науқастардың көбеюіне байланысты болды. Тек өткен жылда 2,5 мыңға жуық адам инсультке шалдыққан. Енді жаңа ашылған бөлім алғашқы диагностиканы 7 минутта анықтауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті кардиоорталықтың басшысы Әділжан Әлбазаров.
Енді кардиологиялық орталықты толыққанды клиникалық-диагностикалық кешенге айналдыру жоспарланып отыр. Бұл операция жасауды қажет ететін қан-тамыр аурулары бар пациенттерді санын едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Осы күні орталықта жылына 600-ге дейін жүрекке ашық операция жасалып келсе, болашақта көрсеткішті 1000-ға дейін жеткізу көзделген.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суретті түсірген Валерий Бугаев