Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал 22 қаңтарда талқыланды.
⠀
Эпидемиологиялық жағдайды бағалаудың өңірлік матрицасына сәйкес, Павлодар облысының үш қаласы мен тоғыз ауданы «қызыл аймақта», Баянауыл ауданы - «сары аймақта» тұр. Соңғы тәулікте (21 қантар) өңірде коронавирус инфекциясы бойынша 235 адам тіркелді. Тәулік сайынғы өсім - 2,13%. Ахуалды түзету үшін облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов санэпидрежимнің сақталуын бақылау мен облыс тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.
⠀
- Қыста, адамдар көбіне үйде болады да, бір-бірін қонаққа шақырады, әсіресе ауылдық жерлерде. Тойлар өткізу әлі тоқтаған жоқ. Осыдан кейін біз аурудың тағы бір толқынына ұшырауымыз мүмкін. Егер белгілі бір ауданды немесе ауылды жабу қажет болса, жабыңыздар. Бастысы, тұрғындарға қабылданып жатқан шектеу шараларын және олардың қажеттілігін түсіндіріңіздер, - деді Әбілқайыр Сқақов отырысқа қатысушыларға.
⠀
Өңір басшысы мониторингтік топтар рейд жүргізуді күшейтуді, санитарлық дәрігердің нұсқауын елемейтін, адамдардың көп жинайтын орындарды анықтап, тексеруді тапсырды. Сонымен қатар, мониторингтік топтар анықталған тәртіп бұзушылықтар туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының базасындағы үйлестіру орталығына эпидемиологиялық хабарлама жіберіп отыратын болады. Павлодар облысында қашықтан жұмыс істеу режимін сақтау да бақылауға алынды. Соңғы уақытта еңбек ұжымдарында коронавирус жұқтыру жағдайлары жиілеп барады.
⠀
Өңір басшысы қалалар мен аудандардың әкімдеріне COVID-19-ға қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстарды біреуге сілтегенді доғару керектігін ескертті. Әбілқайыр Сқақов індетпен күрес – басшылар үшін №1 мәселе екенін, әрі басшылардың бағасы осы жұмыстың нәтижесі бойынша берілетінін ескертті.
⠀
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Сүретті түсірген Валерий Бугаев