Комиссия мүшелерінің жұмыс кездесуі онлайн режимінде ұйымдастырылды.
Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Айдар Тастеміров Transparency Kazakhstan қоғамдық қоры 2020 жылғы Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың жай-күйіне жүргізген мониторинг нәтижелерімен таныстырды. Зерттеу тұрғындар мен кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізу, сондай-ақ «Ашық диалог» порталындағы шағымдар негізінде жасалған.
- Халыққа жүргізілген сауалнама нәтижелері мемлекеттік органдарға жүгінген кезде сыбайлас жемқорлыққа тап болған адамдардың үлесі 11,3%-ды құрағанын көрсетті. 2019 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2,1%-ға төмендеді. Респонденттер Жамбыл, Атырау, Алматы, Қарағанды, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында мәселелерді бейресми жолмен шешу қажеттілігіне орташа көрсеткіштен жиі тап болған, - деп хабарлады Айдар Тастеміров.
Зерттеу деректері бойынша әңгіме көбінесе мемлекеттік медициналық мекемелер, полиция, жер қатынастары басқармалары, ХҚКО, мемлекеттік балабақшалар мен жоғары оқу орындары туралы болып отыр. Негізінен, «бейресми жол» процесті жеделдету, мәселенің шешілуіне мұқтаж адамның мүддесі үшін және қандай да бір себептермен ресми жолмен ұсынылмаған қызметті алу қажет болған жағдайда таңдалған.
- Кәсіпкерлерге жүргізілген сауалнама нәтижелері респонденттердің 97,7%-ы соңғы 12 айда қандай да бір мәселені шешу үшін мемлекеттік органға түрлі жиілікпен жүгінгенін көрсетті. Әсіресе, салық қызметі аса сұранысқа ие – олардың қызметін кәсіпкердің 70,2%-ы пайдаланған. Екінші орында ХҚКО-лар-63,5%. Респонденттердің 8,2%-ы 2020 жылы сыбайлас жемқорлық тәжірибесі туралы хабарлады. Олардың 60%- ы сыбайлас жемқорлықтың көздері салық органдары, жер қатынастары органдары, өртке қарсы қызмет, аудандық әкімдіктер және қала құрылысын бақылау басқармалары болып табылатынын атап өтті, - деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы.
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша, зерттеу нәтижелері өңірдің мемлекеттік органдарының жұмысына қабылданатын болады. Сондай-ақ ол түрлі мекемелердің басшыларынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын айтып беруін сұрады.
- Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдар мен жабдықтарды сатып алудың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету үшін конкурстық комиссиялардың құрамына жұртшылық, үкіметтік емес ұйымдар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері және тиісті сарапшылар кіреді. Шешімді әділ қабылдаудың осындай қағидаты комиссияның құрамына тәуелсіз мүшелер кіретін мемлекеттік-жеке әріптестік жобаларын іске асыру шеңберінде сақталады. Бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуын, атап айтқанда тауарларды жоғары бағамен сатып алу және делдалдық факторын болдырмау үшін медициналық ұйымдарға тауарларды тікелей өндірушілерден немесе ресми дистрибьюторлардан сатып алу ұсынылды,-деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов.
Жер қатынастары басқармасының басшысы Руслан Дәуітбаев Павлодар облысында жер қатынастары саласында цифрландыру үшін геоақпараттық портал әзірленіп жатқанын атап өтті. Қазірдің өзінде сервис арқылы Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында сұранысқа ие 5 мемлекеттік қызмет түрін алуға болады. 2020 жылы өңірде жер қатынастары саласында барлығы 14 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның 54%-ы электрондық форматта.
- Ең танымал ведомстволардың бірі үшін электрондық форматтағы мемлекеттік қызметтердің жартысы өте аз. 2021 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 90%-дан жоғары болуы тиіс. Басқарманың міндеті қалалар мен аудандар әкімдерімен бірге қызметшілер мен қызмет алушылар арасындағы байланысты барынша болдырмау және бұл процесті электрондық форматқа көшіру болып саналады, - деп түйіндеді облыс әкімі.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова, Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаев және Ақтоғай ауданының басшысы Қаршыға Арынов сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство Павлодар облысындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға және әкімдіктердің халыққа қызмет көрсетудің сервистік моделіне көшуі бойынша жұмысына оң баға берді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі