Павлодар ауданы Кемеңгер ауылында 250 орындық мектеп ашылды

Павлодар ауданы Кемеңгер ауылында 250 орындық мектеп ашылды

 

Енді Павлодар ауданының ең ірі ауылдарының біріндегі мектептерде оқыту бір ауысымда жүргізіледі.

 

Күрделі жөнделіп, қосымша ғимарат салынғаннан кейін бастауыш мектеп пайдалануға берілді. Оқу орны «Заманауи мектеп» жобасы бойынша жабдықталған. Ғимаратта 12 кабинет, акт және спорт залдары, кітапхана, асхана және медициналық блок бар. Бастауыш буыннан басқа, мұнда енді мектепалды даярлық курстары да жүргізілетін болады.

 

- Кемеңгерде 350 орындық мектеп бар, бірақ оның қуаты тек екі ауысымда - таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істеу үшін жеткілікті болған еді. Енді жоғарғы сыныптар да, бастауыш мектеп те бір ауысымда оқитын болады. Балалар жаңа мектепті көрді және олар қайтадан партаға отыру үшін карантиннің аяқталғанын асыға күтіп жүр, - дейді Павлодар ауданының білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сәуле Нұрғалиева.

 

Ғимарат «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жөнделді. Сыныптар қазақстандық өнімдермен жабдықталды, атап айтқанда, Павлодарда жасалған жиһаздар сатып алынды.

 

- Биылғы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арқасында біз әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына қатысты көптеген мәселелерді шеше алдық. Отандық құрылыс индустриясын және құрылыс материалдарын, жиһаз және басқа да өнімдер шығаратын жергілікті өндірушілерді қолдауға мүмкіндік туды. Ортақ міндетті бірлесіп шештік, - деп атап өтті Тәуелсіздік күні жаңа мектепке барған Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов.

 

Өңір басшысы Кемеңгерде «Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжінің базасында да болды. Биылғы жылы мұнда асхана кеңейтіліп, қайта жабдықталды және оқу орнының корпустарының бірінде агроөнеркәсіптік кешен мамандарын даярлау үшін құзыреттілік орталығы жабдықталды. Болашақ темір ұсталары, тракторшылар мен комбайнерлер әлемнің үздік өндірушілері - John Deere, CLAAS және басқалардың симуляторлары мен ауыл шаруашылығы техникасын қолдану арқылы оқитын болады.

 

- Біздің мақсатымыз – республика деңгейінде жаттығу базасына және ауыл шаруашылығы мамандары арасында кәсіби құзыреттілік бойынша чемпионаттарды өткізу алаңына айналу. Сондай-ақ біз техникаға қызмет көрсету және жөндеу қызметтерін көрсетуді жоспарлап отырмыз, - деді колледж басшысы Айгүл Байжұманова.

Павлодар облысының әкімі жобаға толық қолдау білдіріп, бүгінде өңірлік агроөнеркәсіпке заманауи стандарттар бойынша дайындалған қызметкерлер қажет екенін атап өтті. Әбілқайыр Сқақов колледж инфрақұрылымын мамандарды оқыту үшін ғана емес, қосымша курстардың көмегімен олардың біліктілігін арттыру үшін де пайдалануды ұсынды.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суретті түсірген Валерий Бугаев