Әр мұғалімге «Павлодар облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі және 2,7 миллион теңге көлемінде (1000 АЕК) сыйақы табысталды.
Облыс әкімдігінде өткен салтанатты шараға барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, 12 мұғалім қатысты. Жиынға облыстың қалалары мен аудандарынан тағы 23 мұғалім бейне байланыс арқылы қосылды. Өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов осындай қиын уақытта мұғалімдермен әрекідік кездесуге мүмкіндік болғанына қуанышты екенін атап айтты. Естеріңізге сала кетейік, Мұғалімдер күні қарсаңында Павлодар облысының 15 білім беру қызметкері осындай марапатқа ие болды.
- «Сіз адамдарға сабақ беру үшін төлей аласыз, бірақ оның нәтижесі туралы алаңдауына төлей алмайсыз» деген екен шетелдік ағартушылардың бірі. Бірақ, мен сіздердің оқушылар үшін ғана емес, олардың білім нәтижесі мен болашағы үшін де жан-тәнімен алаңдайтын адам екендеріңізге сенімдімін. Сіздер олар үшін білім әлеміне есік ашып қана қоймай, оны түсінуге шабыттандыратын жансыздар. Сіздердің балаларыңыз республикалық және әлемдік деңгейде биіктерді бағындырып жатыр. Олардың еңбектерін, жаңалықтары мен жетістіктерін көшбасшы халықаралық сарапшылар мойындап отыр, - деді әкім мұғалімдерге.
Айта кетейік, мұғалімдерге марапат беру кезінде ескерілген негізгі критерий – оқушылардың жеңістері. Бүгін ерекшелік белгісін алғандардың бірі – Павлодар қаласының №37 жалпы орта білім беретін мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Әлия Қасымжанова.
-Ұлтымыздың ертеңі – жас ұрпақты тәрбиелеп келе жатқан ұстаздарға қазіргі таңда мемлекет тарапынан көп жағдай жасалып жатыр. Міне, бүгінгі шара – соның куәсі. «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы», - деп Мұхтар Әуезов атамыз айтқандай Павлодар қаласының ұстаздары осы салада ерінбей еңбек етіп жатыр. Тәуелсіздік мерекесімен шың жүректен құттықтаймын. Көк байрағы желбіреген бүгінгі абыройлы да, айбынды, ынтымағы мен бірлігі жарасқан егеменді еліміздің Тәуелсіздігі баянды болсын! - дейді Әлия Қасымжанова.
Биыл өңірдің білім беру саласын дамытуға ерекше үлес қосқан мұғалімдер үшін ақшалай сыйлығы бар арнайы марапат тағайындалды. «Павлодар облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісін алу үшін өтініштерді педагогтердің өздері береді. Олардың еңбегін құрамына педагогикалық еңбек ардагерлері, салалық кәсіподақ және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері кіретін құзыретті қазылар алқасы бағалап іріктейді. Жұмыс өтілі, оқу құралдарының авторлығы, сондай-ақ кандидаттар мен олардың оқушыларының республикалық және халықаралық ареналардағы жетістіктері ескеріледі.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суретті түсірген Валерий Бугаев