
Павлодар облысының волонтерлік ұйымдарының өкілдері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындаған «Жыл волонтері» сыйлығына ие болды. Волонтер жылының салтанатты жабылу рәсімі Мемлекет басшысының қатысуымен бейнеконференция байланысы режимінде өтті.
Павлодар облысында «Жыл волонтері» сыйлығы бірден бес қоғамдық еріктіге бұйырды. Өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов марапаттарды табыстай отырып, облыстың барлық еріктілеріне пайдалы және риясыз еңбектері үшін алғысын білдірді.
- Сіздер тарихи-мәдени іс-шаралар өткіздіңіздер, сенбіліктер ұйымдастырдыңыздар, балалармен, қарт адамдармен және мүмкіндігі шектеулі адамдармен әлеуметтік жұмыс жүргізесіздер, әрқашан қайырымдылық акцияларына қатысасыздар. Өз өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесетін біздің қамқор жерлестеріміздің еңбегі - бұл басқалар үшін жарқын үлгі. Әрқайсыңызға сәттілік пен сарқылмас қуат тілеймін! - деп атап өтті ол.
«Коронавирус инфекциясымен күреске қатысқаны үшін» номинациясы бойынша «Қазақстанның Қызыл жарты ай қоғамының» еріктісі Данна Серімбаева, «Құқық бұзушылық құрбандарына көмек көрсетуге белсенді қатысқаны үшін» наградасымен «Во благо» жобасының жетекшісі Әсел Темербаева марапатталды. Білімді насихаттауға қосқан үлесі үшін «Әлеуметтік-волонтерлік орталық» жастар қоғамдық бірлестігінің еріктісі Аина Рахаева, ал «Самал» оңалту орталығының басшысы Зинаида Багненко бейбітшілікті, достық пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін, «VITA» Павлодар қаласының іздеу жүйелері» бірлестігі хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуге белсенді қатысқаны үшін сыйлыққа ие болды.
«Жомарт Жүрек» республикалық жобасының қорытындысы бойынша «Туған өлке» номинациясында павлодарлық кәсіпкер Қобланбек Қожин есімі аталды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі