Павлодар облысында COVID-19 вакциналарына арналған тоңазытқыштар дайындалады

Павлодар облысында COVID-19 вакциналарына арналған тоңазытқыштар дайындалады

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тұрғындар 2021 жылдың көктемінде екпе ала алады деп күтуде. Алайда облыстың емханаларында отандық препарат бола ма немесе ресейлік бола ма, әлі белгісіз –деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.

 

Денсаулық сақтау басқармасы облыс емханаларында коронавирус инфекциясына қарсы вакциналарға арналған тоңазытқыш камераларын дайындаумен айналысады, деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ведомство басшысы Айдар Сейітқазинов.

Тоңазытқыштар тұрғындарға екпе жасалатын барлық медициналық ұйымдарда пайда болады. Спикердің айтуынша, вакциналар арнайы камераларда -25С және одан төмен температурада сақталуы керек. Әзірге егу кабинеттерінде мұндай тоңазытқыштар жоқ, бірақ денсаулық сақтау басқармасында үш қолайлы құрылғы бар.

 

– Техникалық сипаттамасы, вакциналар қандай қаптамада болатыны және олардың саны анықталған соң біз осындай тоңазытқыш камераларын сатып алуды жоспарлап отырмыз, - деді Айдар Сейітқазинов. - Бізге оларды ақпан айының соңына дейін вакциналау жүргізілетін барлық медициналық ұйымдарда тұруы үшін дайындау тапсырылды. Наурыз айында алғашқы партиялар келіп, наурыз-сәуір айларында тұрғындарды вакциналауды бастаймыз деп ойлаймын.

Павлодарлық емханаларға қандай вакцина келіп түсетіні әзірге белгісіз.

- Қазақстанға әкелінетін тәжірибелі партия жөнінде Ресей Федерациясымен уағдаластық бар. Онымен қатар қазақстандық вакцина сынақтан өтуде. Олардың қайсысы қолданылатын болады, бұл алдағы жылы беретін нәтижесі бойынша шешілетін болады, – деді Айдар Сейітқазинов. - Әзірге біз мұздатқыш камераларды, кабинеттерді дайындап жатырмыз және Нұр-Сұлтан хабтарынан Павлодарға, медициналық ұйымдардағы қоймаларымыздан логистика қалай жүзеге асырылатынын ойластырудамыз.

Естеріңізге сала кетейік, егер препарат барлық сынақтардан сәтті өтсе, қазақстандық вакцинаның алғашқы партиясын 2021 жылдың қаңтар-ақпан айларында шығару жоспарланған болатын. Республикада коронавирусқа қарсы бірнеше отандық вакцина әзірленіп жатқанына қарамастан, Қазақстан шетелдік препараттарды сатып алудан да бас тартпайды.

 

COVID-19 вакцинациясы ерікті болады. Денсаулық сақтау министрлігі екпе медициналық сақтандыру қоры есебінен төленбейтінін және ол тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтінін хабарлады. Вакцина үшін тек дәрігерлер, созылмалы аурулары бар 65 жастан асқан қарттар (диабетке шалдыққандар, жүрек-қан тамырлары аурулары және СОӨА-сы бар адамдар) және мұғалімдер ақы төлемейді. Вакцинаны тегін алушылар тізіміне екі миллионнан астам қазақстандық кіреді.

 

Бір вакцинаның құны төрт мың теңгеден басталады деп күтілуде.

 

Бұған дейін Pavlodarnews.kz посткеңестік кеңістіктегі елдер вакцинацияға қалай дайындалып жатқандығы және тұрғындар бұған қалай қарайтыны туралы айтқан болатын.

 

Ольга Бугаева

Суретті түсірген Константин Шелков