
Облыстың кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасына Қанат Шабенов жетекшілік ететін болды. Облыстық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде жаңа басшыны Павлодар облысының әкімі таныстырды.
Болат Бақауов жаңадан тағайындалған басшыға бірнеше міндет жүктеді.
– Ең бастысы, бизнес қауымдастық үшін оңтайлы орта қалыптастырып, шағын және орта бизнеске инвестициялар тарту, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламаларды тиімді түрде жүзеге асыру болып табылады, – деді аймақ басшысы. – Шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі көрсеткіштерді көтеру қажет. Сонымен қатар, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша нақты ұсыныстар керек. Туристік кластерді құру және нарықтағы бағаларды бақылау басты назарда болуы керек.
Қанат Шабенов Мәскеу автомобиль және трактор машина құрылысы мемлекеттік академиясын «Инженер-механик» мамандығы бойынша тәмамдаған. Мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі академиялық дәрежесі бар, техникалық ғылымдар кандидаты. Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілін Павлодар облысының әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту департаментінің бас маманы ретінде бастап, облыстың коммуналды шаруашылық, көлік және коммуникациялар дпартаментінде энергетикалық кешен, коммуналды шаруашылық бөлімдерінің басшысы, департамент басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. Облыс әкімінің кеңесшісі, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасында орынбасар және басшы болды. Жаңа тағайындауға дейін «KSP Steel» ЖШС-ің машина құрылысы кешенінің директоры болып жұмыс істеді.