
Павлодар қаласында микросферадан лак-бояу материалдарын жасап шығару жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында белгілі болды.
Минералдық шикізат энергия өндіретін кәсіпорындарда күлдің сумен араласуы нәтижесінде пайда болады. Минералдық шикізатты тауарлық микросфераға айналдырып, өз кезегінде одан мұнай өндіру және құрылыс жұмыстарына қажет цемент пен жылуизоляциялық, лак-бояу материалдары мен пластмасс бұйымдарды өндіруде қолдануға болады.
– Біз бұл бағытты 2013 жылы таңдап алдық, – деді «Metallogamma» ЖШС директоры Мерғалым Сералинов. – Күн сайын біз минералды шикізаттың 1 мың тоннасын өндіреміз. Бұдан кейін оны 700-800 тонна тауарлық микросфераға айналдырамыз.
Кәсіпорында тауарлық микросферадан мастика, жылуизоляциялық бояулар және полимер едендер жасап шығару жоспарланып отыр. Компания «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында жер учаскесін алып, ендігі жерде Новосібір қаласында жиналып, тексеруден өткен өндіріске қажетті зауыттық құрылғының әкелінуін күтіп отыр.
– Бұл Павлодар облысына қажетті аса тиімді жоба, – деді аймақ басшысы Болат Бақауов. – Кәсіпорынға барынша қолдау көрсету қажет.
Сонымен қатар, кездесуде алюминийді қоспалы ету бойынша тағы бір жоба қаралды. Анықталғандай, «Giessenhaus» ЖШС Астана күні мерекесі қарсаңында қоспалы алюминийдің алғашқы құймасын шығаруды көздеп отыр.
– Маусым айының соңында Павлодар қаласына сұйық алюминийді тасымалдайтын машина мен ыдыстар әкелінеді, – деді компания құрылтайшысы Виктор Литуев.
Сондай-ақ, кәсіпорын бірнеше итальяндық зауытпен қоспалы алюминийді сатып алу бойынша алдына-ала келісімшарттар жасасқан. Виктор Литуевтың айтуынша шетелдік сатып алушылар өнімнің жоғары сапалы екендігіне көз жеткізгеннен кейін тұрақты клиентімізге айналуы мүмкін. Павлодар облысының әкімі бұл кәсіпорынға да жан-жақты қолдау көрсететінін айтты. Атқарушы билік тарапынан бизнесмендер үшін қажетті инфрақұрылымды құру бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Яғни, сұйық алюминий тасымалданатын Қазақстан электролиз зауытынан «Павлодар» арнайы экономикалық аймағына дейінгі жол жөндеуден өткізілді.
