
Павлодар облысының әкімі Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Итиро Кавабатамен кездесті.
Кездесу барысында тараптар жапондықтар ұсынған «Шөптің тамыры» бағдарламасын жүзеге асыру жолын, сондай-ақ, екі жақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Қарапайым азаматтарға көмек беруге және табысы жоқ ұйымдардың жобаларын қолдауға бағытталған аталмыш бағдарлама Павлодар облысында 20 жылға жуық уақыт ішінде іске асырылып келеді. Бұл бағдарлама аясында өңірде сегіз жоба аяқталған. Оның соңғысы – Екібастұздағы құны 15 миллион теңгеден асатын туберкулезге қарсы аурухананың желдеткіш жүйесі. Осы бағдарламаға қатысудың нәтижесінде тіберкулезге қарсы ауруханада қолайлы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жасалып, ауадағы инфекция қоздырғыш микробөлшектерді жоюға қол жеткізді. Қазақстандағы Жапонияның елшісімен кездесу барысында өңір басшысы павлодарлық тарап «Шөптің тамыры» бағдарламасы бойынша жұмыс істеуге әзір және бірқатар ұсыныстар бар екенін жеткізді.
– Павлодар облысы – өнеркәсіптік және экономикалық тұрғыдан дамыған аймақ, – деді облыс әкімі. – Сондықтан жапондық бизнесмендер үшін қызықты боларына сенімдімін. Жапондық бизнесмендерге біздің өңірді Орталық Азия мен Таяу Шығысқа шығатын өндірістік алаң ретінде қарап шығуды ұсынамыз. Дамыған көлік инфрақұрылымы Орталық Азия мен Сібірдің арасындағы маңызды көлік хабы ретінде өңірдің маңызды транзиттік әлеуетін көрсетеді.
Болат Бақауов Итиро Кавабатаны Астанада мамыр айының аяғында ашылатын және «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде жұмыс істейтін «Invest in Pavlodar» экспозициялық алаңына шақырды. Итиро Кавабата Павлодар облысының павильонына арнайы келетінін айтып, ЭКСПО халықаралық көрмесі Жапония мен Қазақстанның арасында бизнесті дамытуға тың серпін беретініне үміттенетінін айтты.