
Астана қаласында өтетін EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде Павлодар облысының инвестициялық мүмкіндіктерін паш ететін көрме орталығы жұмыс істейтін болады.
Орталықтың тұсаукесері EXPO-2017 көрмесінің ашылуына 5 күн қалғанда ресми түрде өткізілді. Ашылу рәсіміне Иран, Жапония, Германия, Израиль, Египет және АҚШ мемлекеттерінің елшілері қатысты.

– Біз сіздердің мемлекеттеріңіздің облысымыздың дамуына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз және бүгінгі кездесу бірлескен жұмысымыздың ары қарай жалғасуына септігін тигізеді деп ойлаймын, – деді өз сөзінде Павлодар облысы әкімінің орынбасары Николай Дычко. – Аймақ басшысы Болат Бақауовтың идеясымен ашылған орталықта біздің өңіріміздің дамуының перспективті бағыттары, инвестициялық жобалардың каталогы, мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат таныстырылады. Сіздер біздің орталығымыз туралы өз елдеріңіздің кәсіпкерлеріне айтасыздар деп үміттенемін. Сіздердің бизнес-делегацияларыңыздың қолайлығы үшін EXPO-2017 көрмесі мен орталықтың арасында арнайы автобус жүретін болады. Сонымен қатар, инвесторлардың қалауы бойынша біз Павлодар облысына арнайы сапарлар ұйымдастыруға дайынбыз.

Жақында ғана біздің өңірімізде жұмыс сапарымен болған Жапонияның Төтенше және Өкілетті елшісі Итиро Кавабата өзінің алған әсерлері туралы айтып берді.

– Мен өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал және шет елдермен байланыстарды дамытудағы мүмкіндіктермен танысып қайттым, – деді елші. – Бұл орталық Павлодар облысының инвестициялық мүмкіндіктерін танытуға зор үлес қосады деп ойлаймын. Өзімнің сапарымнан кейін мен арнайы есеп жасап, оны Токиоға жібердім. Осы айда біз Қазақстанда жұмыс істейтін жапондық бизнесмендермен кездесу өткізіп, оларға Павлодар облысына инвестиция салудың тартымдылығы туралы айтып беретін боламыз.

