
Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов өңіріміздіңэкономикасын дамытуға ниет білдірген инвесторлармен кезекті кездесуін өткізді. Бір инвестордың айтуынша, жер мәселесі бойынша туындаған дауға байланысты жол бойындағы кешеннің құрылысын толық бастай алмай отыр.
Жұмаділ ЖК өкілі Ақсу ауылдық аймағындағы Қарабай ауылы жанындағы жер телімін пайдалану құқығын ала алмай жүргеніне жарты жылдан астам уақыт өткендігін атап өтті. Сонымен бірге кәсіпкерлер құрылыс материалдары мен құрылысқа қажетті арнайы техникаларды сатып алуға 28 миллион теңге қаражат жұмсаған.
– Барлық ізденіс жұмыстары жүргізіліп, «ПЭТК» АҚ мен «ҚазАвтожол» АҚ техникалық шарттар алынды, – деді Ринат Ақанов. – Ақсу прокуратурасының ұсынысы негізінде Алғабас ауылдық округі әкімінің жер телімін уақытша пайдалануға беру туралы өкімін заңсыз деп тану жөнінде сотқа талап арыз берілді.
Осыған байланысты облыс әкімі жер мәселесін шешуге бір апта уақыт берді.
– Мәселе тез арада шешімін таппаса, кәсіпкер басқа өңірге барып жұмыс істейді, – деді Болат Бақауов. – Егер кәсіпкерге қажетті жер телімі берілмесе, басқа не айтуға болады.
Атап өтсек, кәсіпкерлер 3 гектар жерде 25 адамға арналған қонақ үй, 120 орынға дәмхана, дүкен, медпункт және монша кешенін салуды жоспарлауда. Жобаның жалпы бағасы 200 миллион теңгені құрайды.