
Павлодар облысының әкімі ауылдық тұтынукооперативтерінің жеңілдіктер мен артықшылықтар туралы толық ақпаратпен қамтылмағанын атап өтіп, ауыл шаруашылығы басқармасының жұмысын сынға алды.
Болат Бақауов Май ауданына жұмыс сапары барысында Қаратерек ауылдық тұтыну кооперативінің 45 мүшесімен кездесті. Аталған ауылдық округте 2,7 мың ірі қара мал басы есептелініп, олардың санын көбейтумен айналысады, бірақ олар АТК арналған барлық мемлекеттік бағдарламалар туралы білмейтіндігі анықталды.
– Бюджетте Павлодар облысының ірі асыл тұқымды мал шаруашылықтарынан бұқаларды жалға алу үшін қаражат көзделген, – деді облыс әкімі, – Бұның барлығы ұсақ шаруа қожалықтарының бұқаларды сатып алуға үлкен қаражат жұмсамаулары үшін жасалынып отыр.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, малды жалға алуға дайын, бірақ бұл туралы білмеген. Ал ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері бұл жұмысты соңына дейін аяқтамағандарын айтты.
– Егер ауылдық тұтыну кооперативтерімен жүргізілетін жұмыс осы күйде жалғасатын болса, ешқандай нәтиже болмайды, – деді Болат Бақауов. – АТК барлық артықшылықтарды пайдаланып, жұмыс істеулері қажет! Қаратерек АТК жұмысын ретке келтіріп, оларды негізге алып, кооперативтердің қалай жұмыс істеу керек екенін көрсетуді тапсырамын. Егер бұқаларды жалға алу жұмысы жүзеге асса, онда бірнеше жылдан кейін ІҚМ саны 2,7 мың емес, 5 мың болатынына сенімдімін!
Бұдан басқа, ауыл тұрғындары өткен жылы субсидияның төленбегенін айтып, наразылықтарын білдірді. Май ауданының «Риза» ШҚ өкілдерінің айтуынша, 2016 жылдың соңында барлық қажетті құжаттарды жинаған, бірақ әлі тиісті төлемді алған жоқ. Облыс әкімі субсидияның төленбегеніне наразылық білдіру алғашқы жағдай еместігін атап өтіп, бұл мәселенің шешімін табуды тапсырды