Жаңа демалыс орны ашылды

Жаңа демалыс орны ашылды

Ағымдағы жылы Маралды тұзды көлінің жағалауы абаттандыра басталды. Тұзды көлдің жағалауын толыққанды туристік орынға айналдыру үшін «СтройБиоРесурс» ЖШС жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда ол жерге топырақ төселініп, демалушылардың басына күн өтпес үшін төрт жасанды шатыр және 100 ағаш тапшан орнатылған. Туристер үшін 100 адамға арналған шағын дәмхана жұмыс істейді. Қазіргі таңда дәмхана мен би алаңына арналған орындарда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

– Бұрын демалушылар тұзды көлге шомылғаннан кейін жуынатын тұщы суды өздері алып келетін. Ал, қазір көл жағасына арнайы душ кешені орнатылды, – дейді «СтройБиоРесурс» ЖШС басшысының кеңесшісі Дүйсенбай Дүйсенов. – Келешекте мұнда адамдарды балшықпен емдейтін емдеу-санатория курортын ашуды жоспарлап отырмыз.  Жақында емдеу орталығының құрылыс жоспарын жасауды бастаймыз.

Компания өкілдерінің айтуларынша, кәсіпкерлер көл жағалауындағы демалыс орнын әлі де кеңейту үшін балалар аттракционын сатып алып қойған, бірақ енді ол жерге қуаттылығы 57 кВт-тан кем емес электр желісі керек. Бұл туралы «СтройБиоРесурс» ЖШС өкілі Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа айтты.  Қазір демалыс аймағына дейін электр желілерін өткізу жобасы дайын, жұмыс құны шамамен 30 миллион теңгені құрайтыны анықталды. Аймақ басшысы қысқа мерзім ішінде электр желілерінің құрылысын жүргізуді тапсырды.  

– Бизнес өкілдері бұл жерде жаңа демалыс орны болады деп уәде берген болатын, бүгін міне нәтижесін көріп отырмыз, енді бұл жұмысты одан ары дамыту керек, – деп атап өтті аймақ басшысы. – Тұзды көлде демалыс орнынын пайда болуы Маралды ауылының дамуына да әсер етуі қажет. Менің білуімше, Ресейде Яровойдың тұрғындары жазғы уақытта туристерге пәтерлер мен үйлерді жалға береді. Біздің де тұрғындар пәтерлерін жалға беріп, демалушыларға арналған асханаларды ашуларына болады.

Қазіргі уақытта демалыс күндері демалушылардың саны 2 мыңнан асады. Жұмыс күндері де келеді. «СтройБиоРесурс» ЖШС басшысының айтуынша, демалыс аймағын абаттандыру жұмыстары аяқталғаннан кейін, демалушылар жаз бойы келеді.