
Ақсу қаласы мен ауылдық аймақтарда коронавирус инфекциясын 15 бала жұқтырған, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі онлайн форматта өткізген баспасөз конференциясында Ақсу қаласының әкімі Балғабай Ыбыраев мәлім етті.
- Екі айлық бала ауырып қалған анасынан жұқтырған. Бүгінгі таңда жағдайы тұрақты деп бағалануда. Енді бір аптадай жатады. Анасымен бірге тиісті ем-шараларды қабылдауда. Байланыста болған тұлғалардың шеңбері анықталды, - дейді Балғабай Ыбыраев.
Сондай-ақ спикер ауылдық аймақтардағы эпидемиологиялық жағдайға тоқталып өтті.
- Қалқаман ауылында тәрбиеші ауырып қалған. Қалғандары - байланыста болғандар. Жеңіл дәрежеде өтіп жатқандар оқшауланып, үй карантиніне жіберілді. Қаладағы балабақша тәрбиешілері мен мен балалар да үй карантинінде, - деді Балғабай Ыбыраев.
Еске сала кетейік, 1 қарашадан бастап Ақсу қаласы мен ауылдық аймақта 91 жағдай тіркелген. Оның ішінде 12 адам - Павлодарда жұқпалы аурулар стационарында, 79 адам - үй карантинінде. Соңғы тәулікте 8 жағдай анықталған. Өсім 2,6 пайызды құрады. Бұрын ауырғандармен байланыста болғандар - 5 адам. Науқастардың ішінде 71 адам - қаладан, 12-сі ауылдық аймақтардан.
Фото: Ольга Бугаева