
Павлодарда өткен дуатлон жарысына 300-ден астам адам қатысты. Аталмыш спорттық шараға Павлодароблысының әкімі Болат Бақауов та қатысты. Барлық қатысушылар 5 шақырым жаяу жүгіріп, 25 шақырымды велосипедпен жүріп өтті.
Өзен вокзалынан басталған дуатлон жарысы мәреге де сол жерде жетті. Жастардан, ардагерлерден құралған әуесқой спортшылар Жағажаймен, Лермонтов және Шокин көшелерінің бойымен жүгіріп өтті. Одан соң транзиттік аймақта олар велосипедтерге отырды. Веложарысқа қатысушылар А. Шокин және Кутузов көшелерімен әуежайға дейін жетіп, кейін қайтты. Олар 30 шақырымды еңсерді. Қашықтықты бірінші болып шымкенттік жігіт Дарын Қонысбаев өтті.

– Бұл жарыс маған оңай тиген жоқ, барлығына да қиын соқты деп ойлаймын, – дейді 17 жасар спортшы. – Тасжол маған өте ұнады, барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған.
Мәреге жеткен аймақ басшысы бұл биылғы жылы өтіп отырған алғашқы жарыс болғанымен соңғысы емес екенін айтты.

– Жүгірістен кейінгі көңіл-күй тамаша, – деді Болат Бақауов. – Біз маусымның басын аштық. Меніңше, бұдан кейін де бірнеше дуатлон ұйымдастыруға болады. Мұндай жарысты Баянауылда өткізуді жоспарлап отырмыз.
Дуатлонды ұйымдастырушылар 18 жасқа дейінгі, 19-39 жас, 40 және одан жоғары жастағы санаттар ішінен жеңімпаздарды анықтады. Үздік спортшыларға грамоталар мен медальдар табысталды.