Бірлесе көтерген жүк жеңіл

Бірлесе көтерген жүк жеңіл

Павлодарда Инвестицияларды тарту жөніндегі кеңестің екінші отырысы өтті. Кеңестешағын кәсіпорындардың ірі өнеркәсіптік зауыттардың тапсырыстарын алу мүмкіндіктері қаралды.

Отырыс алдында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов өңірдегі жүйе құрушы кәсіпорындардың менеджерлерімен бірге бірнеше шағын және орта бизнес нысандарын аралап көрді.  Олар «Технопром-Текс» ЖШС-ің цехтарында болып, мұнда 2000 жылдардың басынан бері шығарылып жатқан бір және екі тонналық жұмсақ контейнерлердің тігін өндірісімен танысты.  

– Бұл өндіріс туралы көпшілік біле қоймайды. Ал, Ақсу ферроқорытпалар зауыты болса, жыл сайын жарты миллионға жуық мұндай дәу қанарларды сатып алады. «KSP Steel» ЖШС-і де бұл тауарға қызығушылық білдіріп отыр, – деді әкім. – Ірі кәсіпкерлер жылжымалы зертхана жасап шығара алатын компания туралы тіпті білмейді. Сондықтан, біз ірі жүйе құрушы зауыттардың басшыларын шағын кәсіпорындарды араларп, олардың өнімдерімен танысуға шақырды.  

Болат Бақауов қазіргі кезде ірі кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес өкілдері ұзақ мерзімді келісімшарттар жасай бастағанын айтып, Ақсу ферроқорытпалар зауытымен ішкі көлік тасымалы бойынша шарт жасасқан «АқсуТрансЛогистик» ЖШС-ін мысал ретінде келтірді.  

– Бұрын ірі кәсіпорындар шартты бір жылға ғана жасап, келесі жылы қайтадан конкурстық рәсімдер өткізетін. Бұл екі жаққа да тиімсіз еді, – деді индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрболат Сейтмағамбетов. – Ұзақ мерзімді келісімшарт жасасқан АФЗ зауыттағы ішкі көлік айнылымы мәселесін шешіті, ал, мердігер компания өз дамуы үшін мүмкіндік алды.

Инвестицияларды тарту жөніндегі кеңесте Павлодарда шағын және орта бизнес өкілдері орналасатын арнайы индустриялық аймақ құру идеясы туралы айтылды. Индустриялық аймақ Ломов көшесіндегі трамвай басқармасының базасында орналасуы мүмкін. Мамандардың айтуы бойынша, мұнда барлық қажетті инфрақұрылым мен ғимараттар бар.