
Павлодар облысының әкімі EXPO-2017 халықаралық көрмесіндегі Қытай павильонында өткенШаньси провинциясы апталығының ашылуына қатысты.
Павлодарлық делегацияға алдымен ҚХР павильонындағы алдыңғы қатарлы энергетикалық зерттеулердің үлгілері орналасқан көрме таныстырылды. Осы жерде Болат Бақауов витртуалды ұшқыр пойызды басқарып көрді.

– Қытай данышпаны Лао Цзыдің ұзындығы мың ли жол алғашқы қадамнан басталады деген сөзі бар, – деді Болат Бақауов ашылу салтанатында. – Біздің әріптестігіміз өткен жылы Шаньси делегациясының Павлодар облысына келген кезде басталды. Бүгін біз екінші қадам жасап отырмыз. Біздің өңірлердің экономикасы бір-біріне ұқсас, сондықтан, өзара даму потенциалы да жоғары. Ары қарай да ортақ мақсатқа бірге жетеміз деп ойлаймын.

Әкім қытайлық әріптестерге аймағымыздағы арзан электр энергиясы мен Ертіс өзені инвесторларды қызықтыратынын айтты. Өз кезегінде Шаньси провинциясының вице-губернаторы Ван Исин екі тараптың әріптестігінің тұрақты негізі бар екенін атап өтті.

– Қазіргі кезде біз Павлодар облысынан көптеген ресурстарды тасымалдаймыз.Осының әсерінен импорт көлемі 2 миллион доллардан асты, – деді ол. – Астанадағы алаңда біздің компаниялардың өкілдері барлық мәселелерді талқылап, әріптестігін жалғастырады деп ойлаймын.


Ресми бөлімнен кейін қытайлық әртістер кішігірім концерт өткізді. Олар жиналған қонақтарға халық әндерін орындап, би билеп, ұлттық аспаптарда ойнады. Бұдан кейін Болат Бақауов қытайлық журналистерге берген сұхбатында Шаньси провинциясының басшылығына Павлодар қаласында тұрақты өкілдік ашуды ұсынғанын әрі бұл қадам екі жақты әріптестік мәселелерін оңтайлы шешуге мүмкіндік беретінін айтты.

