Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Павлодар облысында болып, бірқатар медициналық мекемелерді аралады. Ол дәрігерлермен кездесіп, облыстың емдік қорын тексерді.
Алдымен Е.Тоғжанов облыстық кардиологиялық орталықта жабдықталып, іске қосылуға дайындалған ПТР зертханасында болды. Ол тәулігіне 1000-ға дейін зерттеулер жүргізе алады. Бүгінгі күні Павлодар облысында 4 ПТР-зертхана бар.
N1 қалалық емханада Премьер-Министрдің орынбасарына Павлодар облысының денсаулық сақтау жүйесінің коронавирустың ықтимал толқынына дайындығы туралы ақпарат берілді. Бүгінгі күні N1 емханаға 71 мыңнан астам адам тіркеліп, оларға 39 терапевтік учаске қызмет көрсетеді.
Ералы Тоғжанов биылғы мамыр айында науқастарды қабылдай бастаған онкологиялық диспансердің жаңа ғимаратына барды. Мекеме ауруханасы 200 төсекке есептеліп, поликлинакасы бір ауысымда 100 науқасты қабылдай алады. Павлодарлық онкологиялық қызмет компьютерлік және магниттік-резонанстық томографтармен, эндоскопиялық жабдықтармен және сәулелік терапия үшін заманауи сызықтық үдеткішпен қамтамасыз етілген. Пандемия кезінде онкологиялық науқастарға мамандандырылған медициналық көмек көрсету тоқтатылған жоқ.
Облыстық жедел жәрдем станциясында Премьер-Министрдің орынбасарына жедел жәрдем қызметінің автопаркін жаңарту жөнінде баяндалды. Қазан айында 103 қызметіне жедел көмек көрсету үшін барлық қажетті құрылғылармен жабдықталған 22 жаңа реанимобиль жеткізілді. Жыл соңына дейін станция 87 реанимациялық көлік алады. Жыл соңына дейін көлік паркі 100 пайыз жаңартылады.
N8 мектеп-лицейінде Ералы Тоғжанов «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеудің сапасын тексерді. Күрделі жөндеу аясында мектептің қасбеті, оқу бөлмелері мен спорт залы жаңартылды. Сонымен қатар, лицейде тамақтану сапасын бақылауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған жүйе орнатылған.
Нысандарды аралап көргеннен кейін Премьер-Министрдің орынбасары Павлодар облысындағы эпидемиологиялық ахуал бойынша Ералы Тоғжанов ел аумағында тіркелген COVID-19 аурулары санының өскендігін атап өтіп, жергілікті органдардың аймақтағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін күш-жігерін жұмылдыра түсу қажеттігін айтты.
- Осы күні коронавирусқа қарсы бірқатар шаралар қолға алынды. Материалдық-техникалық база күшейтілді. Дегенмен, індет дендеп барады. Маскалық режим COVID-19-дан 30%, ал әлеуметтік қашықтық 40% сақтануға кепілдік береді. Біз осыны халыққа түсіндіріп айтуымыз керек, жергілікті әкімдер осы шаруаны қолға алуы тиіс, - деді Ералы Тоғжанов.
Сонымен қатар ведомствоаралық комиссия облыс әкімдігіне бірқатар шектеу шараларын қабылдауды тапсырды.
Өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов үкіметаралық комиссияның жасаған ұсыныстары мен ескертулері ескерілетінін атап өтті.
- Дәл қазір біздің алдымызда бірнеше үлкен жауапкершілік тұр. Оның бастысы – індеттің алдын алу. Онкодиспансердің ескі ғимаратында триаж-орталық ұйымдастырдық, онда науқастарды бірден жеткізетін боламыз. Ол жерде санитарлық нормаларды сақтау үшін барлық жағдай жасалған. Мобилді топтардың тұрғындармен жұмыс істеуі үшін де қажетті барлық жабдық бар, - деді Әбілқайыр Сқақов.
Әкім медициналық қызметкерлердің де қауіпсіздігі үшін барлық шара қамтылғанын айтты. Ол үшін аймақта барлық құрал-жабдық бар.
Павлодар облысының баспасөз қызметі
Фото түсірген Валерий Бугаев