Павлодар облысында КВИ бойынша 2 айлық дәрі қоры бар

Павлодар облысында КВИ бойынша 2 айлық дәрі қоры бар

Өңірдегі медициналық ұйымдарда дәрі-дәрмек жеткілікті, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.

 

Бұл туралы онлайн баспасөз жиынында Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының лицензиялау және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Анар Омарова мәлім етті.

 

- Биыл облысымыздағы медициналық ұйымдармен «СК-Фармация» компаниясымен дәрі жеткізуге 6 миллиард теңгеден астам қаржыға келісімшарт жасалды. Бүгінде 4,6 миллиард теңгеге дәрі жеткізді. Жоспардың 86,8 пайызы орындалды. Мамыр-шілде айларында КВИ жұқтырған науқастарды емдеу үшін дәріге қосымша өтініштер берілді. Сол арқылы 865,3 миллион теңге дәрі-дәрмек жеткізілді, - деді Анар Омарова.

 

Спикердің айтуынша, өңірдегі дәрі бағасын тұрақтандыруға арналған арнайы қор бар. Дәріханалардың берген өтініштері бойынша қажетті препараттар жеткізіледі.

- Тұрақтандыру қоры 1 қарашадағы жағдай бойынша 11 партиямен 36 тармақ бойынша 2,869 миллион қаптама дәрі әкелді. 212 дәріханаға бұл дәрілерден жеткізілді. Медициналық ұйымдарда 26 тармақ бойынша КВИ-ге қатысты дәрі алынады. Барлық дәрі министрліктің КВИ мен ЖРВИ-ді емдеуге арналған хаттамасына сай келеді, - деді Анар Омарова.

 

Бөлім басшысы 44 аталым бойынша облысымызда 2 айлық дәрі қоры дайындалғанын атап өтті. Өңірде медициналық ұйымдардағы, стационарлардағы, тұрақтандыру қорындағы дәрілер тұрғындарды уақытылы емдеу үшін жеткілікті.

 

- Коронавирустан басқа аурулар бойынша дәрімен қамтамасыз ету бойынша мәселе жоқ. Бәрі жоспардағыдай өтуде. Дәріге қатысты өтініштер мен шағымдар түседі. Алайда, ол мәселенің мән-жайын ашып қарау керек. Кейде дұрыс дәрігерге қаралмаған, емделуге дәрі тағайындалмаған жағдайлар болады, - деді Анар Омарова.

 

Айта кетейік, емханалар дәрі-дәрмек бермеген немесе өзге де дәрімен қамтамасыз етуге қатысты мәселелер туындаған жағдайда облыстық басқарманың 32-00-17 және 32-00-18 нөмірлері бойынша хабарласуға болады. Сондай-ақ әр медициналық ұйымда түсетін өтініштерді қарайтын басшы орынбасарлары бар.

 

Фото: Ольга Бугаева