
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы болған Нұрлан Қасымов лауазымынан босатылып, аймақтық әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы болып тағайындалды. Ал Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болған Балтабай Қаппасов Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінің директоры лауазымында жұмыс істейтін болды. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов әріптестеріне атқарған қызметтері үшін алғысын білдірді.

Сонымен қатар, жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының жаңа басшысы болып осыған дейін аталмыш ведомство басшысының орынбасары болған Қадылжан Сәтиев тағайындалды.

– Сіздердің алдарыңызда үлкен міндеттер тұр. Бірінші кезекте ауыл халқын орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз ету. Биыл 23 ауылда су тарту құбырларының күрделі жөндеу жұмыстары мен құрылыстары орын алады. Жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуын назарда ұстау қажет. Облыстағы экологиялық жағдай да аса маңызды. Сонымен қатар жер қойнауын пайдаланушылар орындамаған келісімшарттарды бақылауға алу қажет, – деді облыс әкімі.