Медициналық сақтандыру мәселелері талқыланды

Медициналық сақтандыру мәселелері талқыланды

Елімізде құрылған әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына Павлодар облысынаналғашқы салымдар түсе бастады. Қазіргі кезде салымдардың жалпы сомасы 12 миллион теңгені құрап отыр.

Облыс әкімдігінде өткен кезекті аппарат кеңесінде медициналық сақтандыру мәселелері талқыланды. Облыста ашылған әлеуметтік медициналық сақтандырудың өңірлік қорына бұған дейін денсаулық сақтау басқармасының басшысы болған Нұрлан Қасымов жетекшілік ететін болды.  

– Қазіргі кезде қорға алғашқы салымдар түсе бастады, – деп хабарлады қордың облыстық өкілдігінің басшысы. – Павлодар облысы бойынша сақтандыру түсімдерінің жалпы сомасы 12,7 миллионнан астам соманы құрап отыр. Бұл негізінен жеке кәсіпкерлер мен шаруашылық субъектілерінен келіп түскен қаражат. Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар өз салымдарын тамыз айында жалақыны есептегеннен кейін аудара бастайды.

Айта кету керек, өңірде әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы түсіндірме жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі кезде облыс орталығындағы үш кинотеатрда кинокөрсетілім алдында тақырыптық бейнебаяндар көрсетіледі. Сондай-ақ, «Қазақтелеком» АҚ-да автоқоңырау арқылы стационарлық телефоны бар әрбір абонентке хабарласып, сақтандыру жүйесі туралы ақпарат беруді көздеп отыр. Сонымен бірге, келесі айдың басынан МӘМС туралы маңызды ақпарат «Павлодарэнергосбыт» ЖШС түбіртектерінде жарияланатын болады.