Менің жолым – Абай жолы

Менің жолым – Абай жолы

Лебяжі ауданының орталығы Аққу ауылында қазақ халқының ұлы ақыны АбайҚұнанбайұлының 172-жылдығына арналған шара өтті. Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында жарияланған идеялардың шеңберінде өткен шарада аудан тұрғындары осы жылы 70-жылдығын тойлаған белгілі философ, дінтанушы, абайтанушы Ғарифолла Есімнің құрметіне «Менің жолым – Абай жолы» мерекесін өткізді.

Мерейлі шараға жиналған қонақтар алдымен Абай ескерткішінің жанында аудандық Абай оқуларының жеңімпаздарын марапаттап, ақының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұдан кейін аудандық мәдениет үйінде Ғарифолла Есімнің 70-жылдығына орай концерт өтті. Мерейтойға қатысқан Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов мерейтой иесіне «Алтын барыс»   төс белгісін табыстап, Қазақстан Республикасы Президентінің құттықтау жеделхатын оқып берді.

Жеделхат мәтінінде: – Сіз кәсіби педагог, ойшыл ғалым ретінде ұзақ жылдар білім саласында жұмыс істедіңіз. Қоғамдық өмірге де белсенді араласып, Парламент қабырғасындағы заң талқылауларына да қатыстыңыз. Халық Сізді философ ғалым ретінде таниды. Сіздің зерттеу жұмыстарыңыз қоғамның рухани дамуына үлкен серпін берді, деп жазылған.  

Концерттен кейін қонақтар 20 киіз үйден құралған этноауылға беттеді. Аққулықтар қарсы алған қонақтардың ішінде АҚШ-тан келген Висконсин университетінің профессоры Гэри Киркинг, «Wisconsin Farm Bureau» ауыл шаруашылығы кооперативінің басшысы Дэйл Бити және Верона қаласының мэрі Джон Хочкаммер де болды. Висконсин штатынан келген америкалық қонақтар облыс кәсіпкерлеріне семинар өткізіп жатыр екен.

– Мен Қазақстанға осымен бесінші рет келіп отырмын, – деді  Висконсин университетінің профессоры Гэри Киркинг. – Біздің қазақстандық достарымыз Абай Құнабайұлының қазақ халқының тарихында ұлы ақын, ойшыл ретіндегі орны туралы айтқан еді. Осындай мерекенің куәсі болғаныма өте қуаныштымын.

Этноауылдың жанында бәйге өткізілді. 15 шақырымдық тоқ бәйге мен 30 шақырымдық аламанға Палодар, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласынан келген сәйгүліктер қатысты.