Сатып алуға асығыңыз

Сатып алуға асығыңыз

Елордада Павлодар облысының ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтеді.Аймақтың шаруа қожалықтары мен қайта өңдеу кәсіпорындары бас қалаға 430 тоннадан астам өнім жібереді. Оның ішінде картоп, көкөністер, ет өнімдері мен қарбыздар бар.

Облыстың 100-ден астам кәсіпорындары мен шаруа қожалықтары жәрмеңкеге қатысатынын растады. Олардың ішінде, халыққа сапалы өнімдерімен танылып үлгерген «Рубиком» ЖШС, «Жана Роса» АҚ, «КЭММИ» ЖШС, «Ақжар – Өндіріс» ЖШС, «РЭГТайм» ШҚ,  «Крендель» ШҚ, «Зерноград» ЖШС, «Галицкое» ЖШС, «Шарбақты Құс» ЖШС, «Победа» ЖШС, «Ақтоғай Агро» ЖШС және басқалары бар. Олар Астанаға картоп, ет және басқа да өнімдер апарады.

– Өткен жылдардың тәжірибесіне сүйенсек Павлодар облысының ауыл шаруашылық өнімдері, әсіресе,  ет өнімдері, картоп пен көкөністер астаналық тұрғындардың арасында үлкен сұранысқа ие, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары.

Айта кету керек, лебяжілік диқандар Астанаға 10 тоннадан астам қарбыз апара жатыр. Қарбыздың бір келісі 55 теңгеден саудаланатын болады.  

Жәрмеңке алаңында орналасқан сахнада концерт ұйымдастырылып, Павлодар облыстық филармониясының ұжымдары сатып алушыларға өнерлерін көрсетеді.

Жәрмеңке 19-20 тамыз күндері Мұңайтбасов көшесі 9 мекенжайы бойынша орналасқан «Қазақстан» спорт кешенінің автотұрағында өтеді.