
«Ертістен Есілге тарту» атты концерт амфитеатрдың сахнасында өтті. Концертке Ертіс-Баян өңірінен шыққан танымал эстрада жұлдыздары Меруерт Түсіпбаева, Роза Мұқатаева, Ринат Малцагов, Жанар Доғалова және басқа да әншілер қатысты. Болат Рахымжанов жетекшілік жасайтын симфониялық оркестр мен Талғат Кәрімов басшылық еткен Р. Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптарының оркестрі музыкалық туындыларды алма-кезек орындап, өзара сайыс ұйымдастырды. Павлодарлық өнерпаздардың концертін тамашалауға келген белгілі скрипкашы Ордабек Дүйсен өзінің таңданысын жасырмады.



– Киелі Кереку жері көптеген дарындарды дүниеге әкелген қасиетті өлке. Осындай таланттардың бір жерде шоғырланып, халыққа өнер көрсетуі маған қатты әсер етті, – деді ол. – Мен Павлодарда балаларға арналған шеберлік сыныптарын өткізіп жүрмін. Жеткіншектердің арасында талай болашақ дарынды музыканттарды көрдім. Осындай керемет кештің куәсі болғаныма қуаныштымын.



Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев және «Астана ЭКСПО 2017» компаниясының басшысы Ахметжан Есімов құрметті қонақтар концертті тамашалады.



Павлодар облысының Астанадағы Мәдениет күндерінің шеңберінде өткен гала-концкерттің толық бейнебаянын келесі сілтеме арқылы көруге болады https://www.youtube.com/watch?v=MCpJD0U8XtU