
Болат Бақауов келесі жылы Павлодар облысының 80-жылдығына орай барлық аулалардың ажары кіріп, қаламызға көрік беріп тұрса, бұл тұрғындар үшін керемет сыйлық болатынын атап өтті.

– Келесі жылы барлық аулаларды абаттандыруды аяқтауымыз керек, – деді ол ТҮКШ және құрылыс саласының шенеуніктеріне. – Абаттандыру жұмыстары бойынша Павлодарда 200, Екібастұзда 40, Ақсуда 15 аула кезекте тұр.

«Сарыарқа» шағын ауданында әкім құрылысшылармен кездесіп, қаланың бас сәулет жоспарын талқылады.

– Біз «Сарыарқа» шағын ауданының өзінде 100 мың шаршы метр тұрғын үй салуымыз керек, – деді Болат Бақауов. – Қазір біз құрылыс жұмыстарын қысқы уақытта да жалғастыруды басты міндетке алып отырмыз. Бүгінде біз сегіз үйдің құрылысына конкурс жарияладық. Олардың екеуі панельді үйлер болса, қалған алтауы кірпіш үйлер. Бұл үйлер келесі жылы қолданысқа берілетін болады. Оларға қажетті инфрақұрылымды тарту – кезек күттірмейтін мәселе. Қажет болса, бос тұрған саман үйлерді сүріп, олардың астына инженерлік желілерді тарту керек. Арқаны кеңге салуға ерте, әрбір күнді пайдалану керек.
Сонымен бірге, аймақ басшысы «Қазақстан алюминийі» АҚ жұмыскерлеріне салынып жатқан тұрғын үй мен облыс орталығындағы монтаждау колледжі мен түсті металлургия колледждері жатақханаларының құрылысымен танысты.