Сауда желілерінің бірі 16 түрлі азық-түлік бағасын көтермеуге міндеттелді

Сауда желілерінің бірі 16 түрлі азық-түлік бағасын көтермеуге міндеттелді

Облыс бойынша iNMart желісінің барлық 24 супермаркетінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 16 түрінің құны (1-сұрыпты ұн, күріш, қарақұмық, түтік кеспе, сары май, нан, айран, сүт, сүзбе, тауық еті, 1-санатты жұмыртқа, тұз, картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат) шекті межеден аспайды. Бұл туралы «Павлодар» ӘКК мен «Низкоцен» ЖШС (iNMart сауда желісі) келісім жасады. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін компанияның сауда айналымына 50 млн теңге бөлу қарастырылған.

 

Бұған дейін де «Қызылжар Құс» ЖШС тауық етін дүкендерге шекті бағамен жеткізуге міндеттеліп, сол үшін 150 млн теңге бөлінген болатын.

 

Сонымен қатар, әлеуметтік дүкендерге 115 ауыл шаруашылығы өндірушісінен нарықтағыдан 10-15%-ға арзан бағамен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары жеткізілді. Шаруа қожалықтарымен «Өндірушіден сөреге дейін» қағидатын көздейтін бірнеше меморандум жасалды.

 

Облыста тұрақтандыру қорын (тауарды көтерме бағамен беретін қойма) толықтыру белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Жылдың басынан бері тұрақтандыру қорына 5,3 мың тонна өнім сатып алынды. Бүгінде оның 4,4 мың тоннадан астамы сатылды. Резерв қалыптастыру үздіксіз жүргізіледі – қараша айының соңына дейін қордың көлемін 4 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Тұрақтандыру қорының өнімдері 176 әлеуметтік дүкенде сатылады.

 

21 қазандағы статистикалық деректерге сәйкес, Павлодар облысында 13 түрлі әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімінің құны республика бойынша қалыптасқан орташа бағадан төмен. Оның ішінде 7 позиция бойынша облыс бағалары ең төмен өңірлердің (1-сұрыпты ұн, 2,5% пастерленген сүт, майлылығы 2,5% айран, сүзбе, сары май, картоп, сәбіз, қарақұмық жармасы, сиыр еті - жауырын-төс бөлігі, тауықтың бөліктері, 1-санатты жұмыртқа, күнбағыс майы, құмшекер) бестігіне кірді.  

 

Азық-түлік бағалары бойынша жағдай үнемі бақылауда болады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құнын көтеру фактілері анықталған жағдайда мына жедел желіге: +7 7182 787817 және WhatsApp +7 701 091 9990 нөмеріне хабарласуларыңызды сұраймыз.

 

Павлодар облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы

Фото Inform.kz