Адам құтқару – міндет: Павлодарда азаматтық қорғау органдарының 25 жылдығы аталып өтті

Адам құтқару – міндет: Павлодарда азаматтық қорғау органдарының 25 жылдығы аталып өтті

Павлодар облысының өрт сөндірушілері мен құтқарушылары кәсіби мереке құрметіне жаңа мамандандырылған техника алды.

 

Арнайы техниканы салтанатты түрде табыстау рәсімі №4 өрт сөндіру бөлімінің плац алаңында өтті. ТЖ қызметі өкілдеріне көліктердің кілтін Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов табыстады. Жергілікті бюджет есебінен өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі, сондай-ақ қалалық және аудандық ТЖ бөлімшелері үшін бір автоцистерна, екі «УАЗ» автомобилі және төрт «Нива» автокөлігі сатып алынды.

 

- Жылдың кез келген уақытында біз сіздердің еңбектеріңізді, кәсіби шеберліктеріңіз бен ерліктеріңізді көріп отырмыз. Біз алдағы уақытта да сіздердің қызметтеріңіздің материалдық-техникалық базасы мен кадрлық әлеуетін нығайтуды жоспарлап отырмыз. Облыс әкімдігі тарапынан жан-жақты көмек көрсетілетін болады, - деді өңір басшысы азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне.

Әбілқайыр Сқақов еңбектегі жетістіктері үшін ТЖ қызметінің бірнеше қызметкерін атап өтті. Азаматтық қорғау органдары ардагерлерінің өңірлік кеңесінің төрағасы Кәкима Асқарова «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» медаліне ие болды. Өңірлік өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы Сүлеймен Бимағамбетовке және Ақсу ТЖ бөлімінің бастығы Дәулет Куконевке облыс әкімінің құрмет грамоталары табысталды. Облыс әкімінің алғыс хатымен №3 өрт сөндіру бөлімінің бастығы және аға жүргізушісі Қазбек Бейсекеев пен Ерназар Тілеукен, №4 өрт сөндіру бөлімінің командирі Сұлтан Жасқайратов және «Апаттар медицинасы орталығының» фельдшері Руслан Бахтияров марапатталды. Сонымен қатар азаматтық қорғау қызметкерлері мен ардагерлері ведомстволық наградалармен марапатталды.

 

- Осы жүйеде жұмыс істеген 20 жыл ішінде мен қарапайым жігіттердің қызметтік борышын орындау барысында жанкештілік танытып жүргенін көріп жүрмін. Құтқарушы Андрей Лукьянченков сияқты әрбір адам мұзды суға секіріп, батып бара жатқан адамды құтқара алмайды. Жарылысқа бір минут қалғанда Майқайың кентіндегі №29 өрт сөндіру бөлімі бөлімшесінің бұрынғы командирі Қуандық Омаров кішкентай қызды пәтерден алып шықты. Артем Колокольников өртке оранған үйге кіріп, алты газ баллонды шығарды.  Бізде осындай жігіттер жұмыс істейді. Ардагерлердің үлкен қауымы атынан мен әрқайсысына жақсылық, денсаулық және батылдық тілеймін. Өтінемін, күн сайын қызметке кірісіп, үйлеріңізге аман-есен оралыңыздар, - деді Кәкима Асқарова.

Қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан өрт сөндірушілер мен құтқарушылар құрметіне бір минут үнсіздік жарияланды. Ал өрт сөндіру бөлімінің плацындағы стелаға гүл шоқтары қойылды. Салтанатты кездесуден кейін қатысушылар өрт сөндіру күзетінің мұражайына барды.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Суретті түсірген Валерий Бугаев