
Павлодарда жүрегіне ота жасатқан адамдарға арналған оңалту клиникасыашылды. Емделушілерді оңалтудың екінші кезеңінен өткізетін Қазақстандағы тұңғыш медициналық мекеме.
40 төсек орны бар клиника бірінші күні 12 емделушіні қабылдады. Атап айтқанда, тек Павлодар облысында жыл сайын 1500-1600 жуық адам қалыпқа келу емі мен медициналық оңалтуды қажет етеді.

– Біздің орталықта емделушілер алғашқы оңалтудан кейінгі кезеңнен өтеді, – деді кардиореабилитолог дәрігер Салтанат Сәтбаева. – орталық емделушілерге дұрыс тамақтануды, денеге түсетін ауырлықты қадағалауды және тағы басқаларды біліп-үйренуге септігін тигізеді. Емделушілермен кардиореабилитологтар, емдік дене шынықтыру инструкторлары, массажистер мен психологтар жұмыс істейді. Оңалту курсы 10 күн.

Клиника зейнеткерлер санаториялық ем қабылдаған бұрынғы «Денсаулық» шипажайының ғимаратында орналасқан. Зейнеткерлерге әлеуметтік-медициналық қызмет көрсету орталығы ашылғаннан кейін аталған ғимарат бос тұрған. Мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілсе де, жаңа медициналық орталықтың сапалы деңгейдегі жұмыс істеуі үшін күрделі жөндеуді талап етеді. Бұдан басқа, емделушілер емдік су процедураларын қабылдау үшін бассейн қажет. Аталған клиникада жұмыс барысымен болған Павлодар облысының әкімі модульдік бассейн орнату мүмкіндігін қарастыруды және орталық ғимаратын жыл соңына дейін жөндеуді тапсырды.