Қарияларға қамқорлық

Қарияларға қамқорлық

Павлодар облысында зейнеткерлерге әлеуметтік-медициналық қызмет көрсететінорталықтың тұсаукесері өтті. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде ашылған орталықта қариялар өз денсаулығын түзеп, сүйікті істерімен айналыса алады.

Павлодарлық кәсіпкер әйел Зинаида Пархоменко зейнеткерлер бос уақытын өткізіп, денсаулығын қалыпқа келтіре алатын орталық ашуды көптен бері жоспарлаған екен.

– Қариялардың кейбірінің немере-шөберелері жоқ. Біздің ұжым оларды қамқорлығына алуға дайын, – дейді кәсіпкер. – Зейнеткерлер орталықтың аумағында бақша өсіріп, орманда жидектер мен саңырауқұлақтар теріп, тоқымамен айналыса алады.

Зейнеткерлерге арналған орталық «Черноярка маржаны» демалыс аймағының базасында ашылды. Мұнда  емдік дене шынықтыру кабинеті, галокамера, фито-бар және пантылық ванналар бар. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мамандарының айтуынша бұған дейін бір жыл ішінде 1800 адам емдеу-сауықтыру курсынан өтсе, енді олардың саны 2300-ге дейін артады.  

– Зейнеткерлермен сөйлескенімде, олар маған сауықтыру орталығына жылына бір рет қана барудың сәті түсетінін айтушы еді, – деді Павлодар облысының әкімі. – Ендгі жерде, бұл мәселе шешімін тапты деп ойлаймын.

Зейнеткерлер сауықтыру орталығына арнайы мемлекеттік тапсырыс бойынша бара алады. Ол үшін олар тұрғылықты мекенжайы бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өтініш жазулары керек. Өтініш берушілерді орталыққа денсаулығының көрсеткіштеріне қарай жіберетін болады.