Бір қадам алға

Бір қадам алға

Облыс әкімдігінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру барысыталқыланды. Аймақ басшысы Болат Бақауов полиция жұмысы мен туризмді дамыту мәселелеріне баса назар аударды.

Алдымен Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы Расул Оразғұлов есеп берді. Ол кәсіпқой мемлекеттік аппарат қалыптастыру аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады.

– Биылғы жылы аймағымызда 782 мемлекеттік қызметші оқытылды. Оның ішінде 165-і қайта дайындалды, 617-сі біліктілігін арттырды, – деді ол. – Қосымша кәсіпқой және басқарушылық дағдыларды иемденулері үшін мемлекеттік қызметшілер арасында  (көшкен жағдайда тұрғын үй берумен)  ауыс-түйіс жүргізіп тұру қарастырылған.

Расул Оразғұлов, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеуде орын алған өзгерістер туралы айтып өтті. Оның айтуынша, қызметінің нәтижесіне байланысты еңбекақысын көтеру еңбекақы төлеудің факторлы-балдық шкала тәсілі енгізілген соң іске асырылатын болады. Оған қоса, еңбекақыны нәтижесіне қарай төлеу жүйесіне көшу жоспарланып отыр. Ол үшін жеке жоспарлардың орындалуы бағаланатын болады.

Аймақ басшысының бірінші орынбасары Дүйсенбай Тұрғанов заңның ұлықтылығын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жайын баяндады және жергілікті полиция қызметінің жұмысына тоқталып өтті.  

– 2017 жылы жергілікті полиция қызметі үшін 40 бірлік қызметтік автокөлік сатып алынды. Бүгінгі таңда жергілікті полиция қызметінде 325 бірлік автокөлік бар, сондай-ақ 114 компьютер бар, – деп мәлімдеді әкім орынбасары. – Облыста 182 полиция пункті бар, олардың 19-ы тұрғын үймен және 130-ы ауылдық округ әкімдерінің аппараттарымен қосарлас. Олардың ішінде 27-сі 2016 жылы жөнделді. 140 учаскелік полиция пункті күрделі жөндеуді талап етеді, қосымша тағы 3 пункт қажет: біреуі Павлодарда және екеуі – Ақсуда.

Жергілікті полиция қызметінің басшысы Юрий Колесников қаржыландыру көлемінің қысқаруы себепті Павлодарда, Екібастұзда және Ақсуда айықтырғыштарда орынның жетіспеушілігі туралы айтты.

– Бүгінгі таңда жалпы саны 56 кереует орынды құрайды. Ал уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарын денсаулық сақтау органдарына тапсырмас бұрын олардың саны 72, ал бұрнағы жылы  120 еді, – дейді ол. – Біз күн сайын орталықтарға орта есеппен 90-120 адам жеткіземіз. Кешкі 9-ға қарай айықтырғыш жабылып, қабылдау тоқтатылады. Қалғандарын орналастыратын жер жоқ, сосын түнгі 22:00-ден 6:00-ге дейін олар далада жүріп, қылмыс нысанына айналады.

Болат Бақауов бұл мәселенің осымен үшінші рет көтеріліп отырғанын және оның шешімін табатын кез келгенін айтты.

– Егер мәселе тек қаржыландыруда болса, мәселені шешу үшін орталықтарды қажетті кереует орындармен және штатпен қамтамасыз етейік,- деді Болат Бақауов. – Оған қоса, Павлодар мен Ақсудың айықтырғыштарын біріктірейік, ал екібастұздық айықтырғыштың мәселесін жеке қарау керек.

Облыс әкімінің орынбасары Николай Дычко экономиканың басымдықты секторларына стратегиялық инвесторларды тарту мәселесіне тоқталып өтті. Ол инвестицияларды тарту жөніндегі 2017 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілгенін айтты. Аталмыш жоспарда инвесторлармен ынтымақтасу, Павлодар облысының оң беделін жылжытуға бағытталған ақпараттық-имидждік іс-шаралар, оның ішінде «ЭКСПО – 2017» аясында «В2В» форматында кездесулер өткізу қарастырылған.

– Биылғы жылы алыс шетел өкілдерімен, атап айтқанда, Forbes компанияларының  үздік жүздігіне енетін Xinjiang Zhongtai, AVIC Securities, HEC, HUAWEI, MadCorporations, СhongMaoGroup, Жібек жолы қауымдастығы (Гонконг), ENProde компанияларымен 20-дан астам кездесу өткізілді. Сондай-ақ, Германия, Жапония, Мысыр, Иран, АҚШ және Израиль мемлекеттерінің елшілерімен кездесулер өтті, – деді Николай Дычко.

Кеңесте туризмді дамыту мәселесі де қозғалды.

– Баянауыл мемлекеттік табиғи саябағының жедел деректері бойынша, 2017 жылғы 29 тамыздағы ахуал бойынша жазғы маусымда Баянауыл демалыс аймағына 138 294 адам келген екен, олардың 560-ы – шетелдік туристер, деп атап өтті кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы Қанат Шәбенов. – Түгендеу қорытындысы бойынша саябақтың рекреациялық аймағында 40 демалыс үйі орналасқан. Олардың 2-еуі – балалар сауықтыру лагері. Кереует орынның жалпы саны – 4260.

Павлодар облысының әкімі туризмді Баянауылдан басқа жерлерде де дамыту керектігін атап айтты.

– Медициналық туризм, мысалы Мойылды кентіндегі шипажай туралы ақпарат қайда? Жағасында екі ай ішінде 40 мыңға жуық адам демалған  Маралды көлі туралы бір сөз айтылған жоқ. Бірнеше рет өнеркәсіптік туризмді тілге тиек еткен болатынбыз. Мысалы, Екібастұздағы  разрездер туристер баратын жерге айнала алады. Аңшылық шаруашылықтары, су шаруашылығы, Шарбақтыдағы таспа шоққарағай туралы сөз қозғалған жоқ.  Олар да туристерді қызықтыруы мүмкін, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы туризмді дамыту жөніндегі облыстық жол картасын құру үшін мамандарды тартуды ұсынды.

Аймақ басшысының орынбасары Мейрам Бегентаев «Сәйкестік және бірлік» деп аталған төртінші реформа аясындағы жұмыс туралы баяндады.

– Мамыр айында өткен «БІРЛІК.ЕДИНСТВО.KZ» халықаралық жастар форумы облыс жұртшылығы үшін маңызды оқиға болды. Форумға Ресей Федерациясының, Израильдің, Оңтүстік Кореяның, Қытайдың, Өзбекстанның, Әзірбайжанның  және Қазақстанның жеті аймағының өкілдері қатысты, – деді ол. – Форум диалог алаңына айналды.  Ол түрлі жастар ұйымдарына бірлесіп, ынтымақтасуға мүмкіндік берді. Облыста жыл сайын «Тату отбасымыз» жазғы фестивалі өткізіледі.  Дәстүр бойынша ол қазақтың «Қымызмұрындық» мерекесімен ашылады. Қазақстан халқы ассамблеясының «Мейірімділік керуені» қайырымдылық акциясы аясында облыста 18 шара өткізілді. Жиналған қаражаттың жалпы сомасы 2,5 миллион теңгені құрады.