Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Торайғыров университетін 65 жылдық мерейтойымен құттықтады

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Торайғыров университетін 65 жылдық мерейтойымен құттықтады

Бүгін еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі болып табылатын Торайғыров университетінің 65 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік шараға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қатысып, университеттің өңірдің дамуына, отандық ғылым мен жоғары білім беру жүйесіне қосқан зор үлесін атап өтті.

- Торайғыров университеті - өңіріміздің жетекші жоғары оқу орны және еліміздегі ең беделді ғылыми-білім беру орталықтарының бірі. Мұнда мыңдаған білікті мамандар қалыптасты. Бүгінде университет өңірдегі жоғары білімнің флагманы, кадрлар даярлау мен академиялық дәстүрлер сабақтастығының жарқын үлгісі болып саналады, - деп атап өтті өңір басшысы.

Университет 1960 жылы Павлодар индустриалды институты ретінде құрылды және осы уақыт аралығында оқу орны ауқымды даму жолынан өтті. Бүгінде Торайғыров университеті Болон үдерісінің толыққанды қатысушысы болып табылады, QS сияқты беделді халықаралық рейтингтерге енген және халықаралық әріптестікті белсенді дамытып келеді. Университет 200-ден астам шетелдік жоғары оқу орнымен серіктестікте. Университет бірлескен (қос) дипломды білім беру бағдарламасы мен академиялық алмасу жобаларын сәтті жүзеге асыруда.

Бүгінгі таңда Торайғыров университеті колледжден бастап PhD деңгейіне дейінгі барлық сатыны қамтитын 198 білім беру бағдарламасын ұсынады. Университетте 9 000-ға жуық студент білім алуда, олардың қатарында 15 елден келген 414 шетелдік студент бар.

Университетте ғылыми-зерттеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлінеді. Қазіргі таңда 86 ғылыми жоба жүзеге асырылуда, 635 патент алынған, Scopus пен Web of Science халықаралық базаларында 202 ғылыми мақала жарияланған. Университет базасында заманауи 77 оқу және ғылыми зертхана жұмыс істейді. Атап айтқанда, атомдық физика, биотехнология, химия, энергетика, машина жасау және басқа да басым бағыттар бойынша мамандандырылған зертханалар бар.

Сондай-ақ Торайғыров университеті «Мықты университет - мықты өңір» мемлекеттік бағдарламасын белсенді жүзеге асыруда және іскерлік қауымдастықпен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Дуалды оқыту жүйесінің арқасында студенттердің өңірдің жетекші кәсіпорындарында - ERG, ҚазМұнайГаз, Павлодар алюминий зауыты мен ферроқорытпа өндірісінде өндірістік тәжірибе мен тағылымдамадан өтуге мүмкіндіктері бар.

Оқу және ғылыми жұмыстармен қатар, университетте тәрбие, әлеуметтік және мәдени бағыттағы қызметтерге де ерекше назар аударылады. Мұнда 13 жастар ұйымы, студенттік театр, КТК командалары, волонтерлік жасақтар және дарынды әрі белсенді жастарды біріктіретін студенттік филармония жұмыс істейді.

Мерейтой құрметіне орай бірқатар оқытушылар мен университет қызметкерлері «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, сондай-ақ Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, өңір басшысының атынан университетке компьютерлік техника сатып алуға сертификат табысталды.

Мерейтойлық іс-шара университеттің шығармашылық ұжымдарының мерекелік концертімен аяқталды.


Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Әлібек Дженалинов