
Жұмыс сапары егін жинау науқанының барысын бағалауға, ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға және тұрғындармен кездесуге арналды.
2025 жылы ауданның егіс алқабы 208,8 мың гектарды құрады. Өткен жылы егіс алқабы 201,2 мың га құраған болатын. Дәнді дақылдардың өнімділігі 17,3 ц/га деңгейінде бағалануда және бүгінгі таңда шамамен 138 мың тонна астық бастырылды. Болжам бойынша жалпы 160-170 мың тонна өнім жиналады деп күтілуде. Майлы дақылдар алқабы 20 мың гектарға ұлғайып, 60 мың гектарға жетті.
Егін орағына 280-ден астам техника жұмылдырылған, 23 механикаландырылған ток және 14 астық кептіргіш жұмыс істеуде.
«Баужанова З. Г.» шаруа қожалығында өңір басшысы егін жинау және қажетті инфрақұрылым құрылысының барысымен танысты. Мұндағы өнімділік шамамен 25 ц/га құрайды. Шаруашылық техника паркін жаңартуға және сыйымдылығы 10 мың тонна заманауи қойма салуға 150 млн теңге инвестиция салды.
Прииртышск ауылындағы «Неупокоев В.И.» шаруа қожалығында тағы бір механикаландырылған ток қолданысқа енгізілді. 2600 тонна астық сақтауға арналған нысанда қуаттылығы тәулігіне 50 тонна заманауи кептіру қондырғысы орнатылған. Бұл өнім шығынын азайтуға және нарықтағы өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы нысандарын тексеру қорытындысы бойынша Асайын Байханов Железин ауданы жалпы астық көлемінің едәуір бөлігін беріп қана қоймай, майлы дақылдар бағытын дамытуына байланысты жаңа экспорттық мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Сапар аясында өңір басшысы Прииртышск ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді. Ашық және жылы атмосферада өткен кездесуде ауыл тұрғындары соңғы жылдардағы оң өзгерістерді - белсенді инфрақұрылым құрылыстарын және ауылдардағы өмір сүру жағдайларының жақсарғанын атап өтті. Сондай-ақ, тұрғындар оң өзгерістер тек Железин ауданында ғана байқалмайтынын атап өтті.
- Басқа аудандарға барған кезде көптеген ауылдарда өмір сүру жағдайының барынша жақсарғанын көреміз: жолдар салынуда, жаңа клубтар мен мектептер бой көтеруде. Әрине, бұл өзгерістер қуантады, - деді ауыл тұрғындары.
Сонымен қатар, жергілікті жерлерде медициналық кадрлардың жетіспеушілігі мәселесі көтерілді.
Облыс әкімі әлеуметтік инфрақұрылымды нығайту өңірлік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылатынын атап өтіп, жергілікті атқарушы органдарға кадр мәселелерін пысықтауды және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.
- Железин ауданы облыстың азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорттық әлеуетіне елеулі үлес қосып отыр. Біздің міндетіміз - диқандардың еңбегі тұрақты нәтиже беруі үшін, ал ауыл тұрғындары күнделікті өмірде нақты өзгерістерді сезінуі үшін барлық жағдайларды жасау, - деді өңір басшысы.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Константин Шелков