Жаңа басшылар

Жаңа басшылар

Жаңа басшыларды Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов таныстырды. Денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы Ораз Мұқашев бұған дейін №2 қалалық емханада, Сұлтанов атындағы облыстық ауруханада  дәрігер, денсаулық сақтау департаментінде бас маман және бөлім басшысы болып қызмет атқарды. Соңғы жылдары ол №2 аурухананың бас дәрігері, одан кейін облыстық кардиологиялық орталықтың директоры қызметін атқарды.

– Сізге «Саламатты Казақстан» бағдарламасы бойынша жоспарланған индикаторларға қол жеткізу, облыста міндетті медициналық сақтандыруды енгізу міндеті жүктеледі, – деді аймақ басшысы Ораз Мұқашевқа. – Қазіргі кезде денсаулық сақтау жүйесіне инвестициялар тарту аса маңызды. Бұл өз кезегінде денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтып, көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылғына бұған дейін Павлодар қаласының осы саласын басқарған Қайрат Нұрмағамбетов келді.  

– Өңірде нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының шеңберіндегі жұмысты күшейтіп, қалалар мен аудандардағы жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын жүйеге келтіру қажет, – деді Болат Бақауов. – Қазақстанның оңтүстік облыстарынан азаматтарды біздің аймаққа көшіру бойынша жергілікті әкімдермен қоян-қолтық жұмыс жасау қажет.

Сонымен бірге, жиналыста аппарат басшысының орынбасарына Бауыржан Қапеновтың тағайындалғаны туралы мәлім болды. Ол бұған дейін ұйымдастырушылық-инспекторлық бөлімді басқарған еді. Аттестаттау комиссиясының шешімі бойынша ол жоғары лауазымға ұсынылған еді.