Станция сақадай-сай дайын

Станция сақадай-сай дайын

Павлодар облысының әкімі «Қазақстан алюминийі» АҚҰ-ың құрамына кіретін №1 ЖЭО-ың жылыту маусымына дайындығына баға берді.

Болат Бақауов жылу энергия орталығының қазандығы мен турбиналық цехында болды. Орталық мамандары аймақ басшысына қазіргі кезде №2 қазандық пен №4 турбиналық агрегат жөндеуде тұрғанын және олардың бір айдың ішінде іске қосылатыны туралы айтты.

– Қаланы жылытуға қажетті барлық құрал-жабдықтар жөндеуден өтті, – деді станцияның бастығы Александр Люфт. – Біздің ЖЭО-ы жылыту маусымына сақадай-сай дайын. «Павлодар жылу желілері» ЖШС-нен тапсырма келіп түскенде, бірден жылу беретін боламыз.

Жылу энергиясы орталығында қатты және сұйық отынның қажетті мөлшері жинақталған. Көмір қорын 140 мың тонна, ал мазут қорын 1 мың тонна көлемінде ұстау жоспарланып отыр.

Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің ақпараты бойынша облыс орталығындағы үйлерге жылу 18-ші қыркүйектен бастап беріледі. Әлеуметтік нысандарға жылу одан да ертерек беріле бастайды. Коммуналдық сала мамандары жылу барлық  үйлердегі жүйелер толтырылғаннан кейін, яғни 25 қыркүйекке қарай беріледі.