Бизнес өкілдері тәлімбақтармен айналысуы мүмкін

 Бизнес өкілдері тәлімбақтармен айналысуы мүмкін

«Ертіс орманы» табиғи резерватының Бесқарағай тәлімбағын аралаған кезде жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының өкілдері аймақтың ағашқа деген жыл сайынғы сұранысы 3 миллионға жуық атап өтті. Алайда бұл сұранысты тек республикалық орман өндірушілері есебінен қамту мүмкін емес, сондықтан тікелей облыс әкімдігіне бағынышты болатын тәлімбақ құру бойынша жоба әзірленді. Жобаның құны 200 миллион теңгені құрайды.

– Қазір сіздер тәлімбақ ашу үшін 200 миллион теңге сұрап отырсыздар. Кейін көшеттер сатып алуға, жұмысшылар құрамын ұстауға ақша қажет болады, – деді аймақ басшысы. – Одан да орман өсіруді бизнес өкілдеріне ұсыныңыздар. Оларға көшеттерді қажетті көлемде белгілі бір бағаға сатып алатындарыңызды түсіндіріңіздер. Кәсіпкерлердің бұл іспен қуана айналысатынына сенімдімін.

Ауыл мектептерін аралаған облыс әкімі мемлекеттік қаражатты тиімді жұмсау қажеттілігіне тоқталды. Мысалға, 84 оқушы білім алып отырған Баймолдин атындағы мектептің басшылығы оқу орнын жөндеуге 72 миллион теңге қажет екенін айтты.

– Бүгінде қарауға көптеген жобалар ұсынылып жатыр. Олардың ішінде сұратылып отырған қаржыландыру көлемінің 20-30%-ын тек абаттандыру жұмыстарына жұмсау көзделген, – деп атап айтты Болат Бақауов. – Қаражат тек ең қажет деген заттарға бөлінетін болады, мысалы, шатырды, жылу беру жүйесін жөндеуге және термомодернизацияға. Қалғанын егжей-тегжейлі тексеретін боламыз.

Аймақ басшысы, сондай-ақ Шақат – Восточное – Шалдай жолындағы жұмыстарды тексеріп шықты. Биылғы жылы бұл жолдың 22 шақырымдық бөлігі жөнделіп жатыр, жұмыстар келесі жылдың қазан айында аяқталмақ.