
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте жол құрылыс-жөндеу науқанының қорытындылары мен қысқа дайындық талқыланды.
Автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ринат Қойсоймасов өңірдегі жол жұмыстарының барысы туралы баяндады. Биылғы жылы облыстық және аудандық маңызы бар 546 шақырымға жуық жол жөнделді. Бүгінде ұзындығы 33,5 шақырым болатын 12 нысанда жұмыстар аяқталған жоқ.
- Осы маусымдағы жұмыс көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда бір жарым есе көп, алайда барлық жұмыстарды мерзімінде және барлық сапалы нормативтерді толық сақтай отырып аяқтау қажет, - деп атап өтті облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов. - Біз жол құрылысына зертханалық бақылауды күшейтеміз деп келістік. Жергілікті жерлердегі әкімдер жол төсемін алу және зерттеу процесіне қатысуға және жөндеу сапасы туралы тұрғындар алдында есеп беруге тиіс. Келесі жылы жол құрылысы бойынша бірде-бір жоба жол зертханасымен шарт жасаспай қаржылық қолдау алмайды.
Кеңесте сондай-ақ жолдарды күтіп ұстау және қысқы кезеңде қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
- Қауіпсіз және үздіксіз жол қозғалысын қамтамасыз ету үшін 256 арнайы техникасы бар 31 мердігерлік ұйым жұмылдырылды, - деп хабарлады Ринат Қойсоймасов. - Олар 3 мың тонна көктайғаққа қарсы материалдарды немесе жоспардың 42,9%-ын, сондай-ақ 366 тонна жанар-жағармай материалдарын немесе жоспардың 73,2%-ын дайындады.
Әбілқайыр Сқақов Республикалық маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға ерекше назар аударуды талап етті, ол үшін «ҚазАвтоЖол» АҚ жауапты. Өңір басшысы өткен жылғы Нұр-Сұлтан - Павлодар бағыты бойынша қозғалыс талай рет шектелген жағдай қайталанбауы тиіс екенін атап өтті. Ол үшін үкімет деңгейінде автомобиль жолдары ұлттық операторының Павлодар филиалын техникалық жарақтандыру мәселесі қойылды. Арнайы автокөлік паркін 100 бірлікке дейін жеткізу жоспарлануда.
- «Қазақавтожол» ЖШС басшылығы бізге 8 бірлік техника ұсынуға уәде берді, - деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» АҚ өңірлік филиалының басшысы Ақылбек Қабылдин. - Сонымен қатар біз жергілікті деңгейде 15 бірлік техниканы жалға алуды көздеп отырмыз. Ленин кентінде бізде ірі жол-пайдалану басқармасы жұмыс істейді. Нұр-Сұлтанға және Қалқаманға дейінгі бағыттарды қамту үшін ЖПБ-ны Қалқаман кентінен Шідертіге көшіруді жоспарлап отырмыз.
Облыс әкімі 15 қазанға дейін жолдарды қысқы күтіп ұстау кезінде іске қосылатын барлық машиналарды комиссиялық тексеруді тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суретті түсірген Валерий Бугаев