
Қытай Халық Республикасында жұмыс сапарымен жүрген Павлодар облысының әкімі Үрімшіден Шаньси провинциясына атбасын тіреді. Сиань қаласының сауда аумағындағы бірқатар ауылшаруашылық кәсіпорындарын аралаған Б.Бақауов провинция губернаторы Ху Хэпиннің қабылдауында болды. Бұл кездесуге жергілікті хатшылықтың, сыртқы істермен байланыс жасау бөлімінің, ауыл шаруашылығы және экономикалық органдардың басшылары қатысты.

– Біздің провинцияның жан-жақты дамып келе жатқанын көріп білген боларсыз, – деп алғы сөзін бастады Ху Хэпин. – Мемлекеттермен достығымызды байланыстырып тұрған Жібек жолы біздің аймақтарымыздың өзара ынтымақтастығын арттыра түспек. Біз көмір химиясы мен ауыл шаруашылық, байланыс саласында жұмыс жасай аламыз. Меніңше, Павлодар облысынан қой мен жылқы етін Қытайға тасымалдау серіктестіктің тиімді жолдарының бірі болады.
Айта кетейік, 21қыркүйекте Сиань қаласында Еуразиялық экономикалық форум басталады. Шэньси провинциясының губернаторы Болат Бақауовты осы форумға қатысуға шақырды. Өз кезегінде Павлодар облысының әкімі шақырту үшін алғысын білдіріп, қос өңір арасындағы өзара серіктестікке сенім білдірді.