
Мұғалімдер күні қарсаңында 15 педагог «Павлодар облысының білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін және 2,7 миллион теңге алды. Жыл соңына дейін тағы 35 мұғалім осындай марапатқа ие болады.
Педагогтарға наградаларды облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов табыс етті. Ол біздің өңірдің педагогикалық қоғамдастығы әрдайым мықты кадрлармен танымал болғанын атап өтті және мұғалімдерге кәсібилігі мен адалдығы үшін алғыс айтты.
- Бұл бір мамандықтың ғана мерекесі болғанына қарамастан, ол біздің әрқайсымызға қатысты. Бұл күні біз мұғалімдер мен тәлімгерлерді құттықтаймыз. Көптеген адамдардың жақын адамдары осы маңызды және асыл мамандықтың өкілдері болып табылады. Мұғалімдер күні - біз жақсы көретін және күтетін мереке, - деді әкім ұстаздарға.
Биыл Павлодар облысында алғаш рет өңірдің білім беру жүйесін дамытуға ерекше үлес қосқан мұғалімдер үшін марапат тағайындалды. Әбілқайыр Сқақов өз бастамасы туралы 2020 жылдың ақпан айында облыс халқы алдындағы есебі кезінде хабарлаған болатын.
Марапатқа кез келген мұғалім өтініш бере алатындығын айта кетейік. Негізгі критерийлер үміткердің еңбек өтілі, өзінің және оның шәкірттерінің республикалық және халықаралық олимпиадалардағы жетістіктері, сондай-ақ оқу құралдарының авторлығы болды. Жүлдегерлерді құрамына педагогикалық еңбек ардагерлері, үкіметтік емес сектор, салалық кәсіподақ және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері енген комиссия іріктеп алды.
Төсбелгімен бірге марапатталғандар 2,7 миллион теңгеден алды. Биылғы жылы осындай мадақтаумен 50 педагог марапатталатын болады.
- Павлодар облысының әкімдігі жыл сайын саланы қаржыландыруды ұлғайтып отыр. Бұл бізге мектептерімізді көркейтіп қана қоймай, педагогтарымызды да көтермелеуге мүмкіндік береді, - деді Әбілқайыр Сқақов. – Біз ауыл және қала мұғалімдерін қолдауды міндетті түрде жалғастыратын боламыз. Республикалық және облыстық білім беру жүйесінің негізгі міндеттерінің бірі – қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту.
Марапаттау рәсімінен кейін өңір басшысы мен педагогтар бұған қандай өзгерістер ықпал ете алатынын және білім беру саласына не қажет екенін талқылады. Сонымен қатар мұғалімдер ауыл мектептерін «Заманауи мектеп» бағдарламасымен қамтып, дарынды балаларды қолдау үшін облыстық жүлде қорын құруды ұсынды.
Білім беруді дамытудың орта мерзімді бағдарламасын дайындау барысында барлық пікірлер мен ұсыныстарды ескеруге уәде берілді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суретті түсірген Валерий Бугаев