Қарттарымыз жүрсін аман

Қарттарымыз жүрсін аман

Павлодар облысының әкімі Кеңес Одағының Батырлары Махмет Қайырбаевпен Иван Кривенконың әйелдері – Сәбира Әмірова мен Нина Кривенконың үйінде қонақта болды. Сонымен қатар, жуырда 109 жасын тойлаған соғыс ардагері Бухариден Серимовті Қарттар күнімен құттықтады. Аймақ басшысы Сәбира Әмірова мен Нина Кривенконың дендеріне саулық тілеп, гүл шоқтарын табыс етті.

– Махмет Қайырбаев пен Иван Кривенконың ерлігі әрдайым біздің есімізде, – деді Болат Бақауов. – Сіздерді келесі жылы да Жеңіс күнінде құттықтауға келетін боламыз.

Бұдан кейін әкім Ұлы Отан соғысының ардагері Бухариден Серимовтың шаңырағында болды. Қанды майданды өткерген ардагер 20 қыркүйек күні 109 жасқа толған. Өңір басшысы ақсақалмен амандасып, отбасына береке мен бақыт тіледі. Биыл Қарттар күні қарсаңында әлеуметтік қорғау органы тарапынан Павлодарда минималды деңгейден төмен зейнетақы алатын 3,5 мыңдай адам қамтылған. Бұдан басқа, Мүгедектер күніне орай шенеуніктер мүмкіндігі шектеулі жандарға бір реттік төлем ретінде көмек көрсетуге уәде беріп отыр. Облыс орталығында олардың саны – тоғыз мыңға жуық.

– Біз шағын және орта бизнес кәсіпорындарының басшыларына жүгініп, мүмкіндіктеріне қарай сол жерге жақын тұратын ардагерлерді құттықтауларын өтінген едік, – дейді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Лариса Кузьменкова. – Бұл өтінішімізді жерге қалдырмай, қолдау білдіретін азаматтар бар деген үміттеміз. Шын мәнінде минималды зейнетақы алатын жалғызбасты қарттар мен зейнеткерлер бар. Қарттар күні қарсаңында адамдар өздерінің ата-аналары туралы ұмытпай, қамқорлық пен мейірімге бөлеп, құттықтағандары дұрыс.